Тоқаев Қытай басылымына мақала жазды

Тоқаев Қытай басылымына мақала жазды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың беделді «China Daily» басылымына арнайы мақала жазып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихи маңызы мен бүгінгі жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды DEMOCRAT.

Мемлекет басшысы көпғасырлық тату көршіліктің бүгінде екі тарапқа да тиімді стратегиялық серіктестікке ұласқанын атап өтті.

Экономикалық серіктестіктің негізгі бағыттары

Президенттің айтуынша, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің басшылығымен Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. 2024 жылы екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 44 миллиард долларды құрады. 2005 жылдан бері қытайлық компаниялар Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бүгінде елімізде қытай капиталының қатысуымен 6000-ға жуық кәсіпорын жұмыс істеп, өнеркәсіпті жаңғыртуға және технологиялық дамуға өз үлесін қосуда.

Көлік және логистика: «Бір белдеу, бір жол» бастамасы

Мақалада Қазақстанның 2013 жылы Астанада жарияланған «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы негізгі рөлі ерекше аталған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту арқылы еліміз Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы маңызды транзиттік хабқа айналып отыр. 2024 жылы іске қосылған «Достық-Мойынты» теміржол желісі дәліздің өткізу қабілетін бес есеге арттырады. Сондай-ақ, Сиань қаласында сауда-логистикалық орталық пен Қытайдың Ляньюньган портымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік хаб ашылды.

Басқа салалардағы ынтымақтастық

  • Мұнай-газ секторы экономикалық ынтымақтастықтың негізі болып қала береді. «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын кеңейту және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобалары серіктестікті одан әрі нығайтуда.
  • Ауыл шаруашылығы саласында қазақстандық агроөнімдердің Қытайға экспорты 2024 жылы 10%-ға өскен. Қытайлық инвесторлар көкөніс, астық және мақта өңдеу жобаларына белсенді қатысып жатыр.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар

2024 жылғы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» сәтті өткеннен кейін, биылғы жыл «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» деп жарияланды. Бұл екі елдің мәдени алмасуына және халықтардың бір-бірінің салт-дәстүрімен танысуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халықаралық аренадағы ықпалдастық

Қазақстан мен Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында өңірлік қауіпсіздікті нығайту және экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алда Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ саммиті Еуразияның тұрақтылығы мен өркендеуіне бағытталған реформаларды ілгерілетуде маңызды қадам болмақ.

Барлық жаңалықтар