Журналист Ербол Мәндібек депутат Абзал Құспановтың "тоқал алуды заңдастыру" туралы пікіріне қатысты жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, таяуда депутат, заңгер Абзал Құспан журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында "тоқал мәселесін заңдастыру арқылы балаларды жылатпау" туралы айтыпты.
"Жаңалық деп осыны айт. Мұндай мәлімдемені ел тарихында ешкім жасамаған. Депутат Абзал Құспан тоқалды заңдастыру қажет депті. Ербол Сейілханға сұхбат беріп осы проблемаға кеңінен тоқталыпты.
Абзал ағамыз кәсіби заңгер.
Қиын-қиын құжатты шемішкеше шағатын маман. Ал, Парламент-еліміздегі ең жоғары заң шығарушы орган. Құзырлы депутаттардан жұмыс тобы құрылып, «Тоқал мәртебесі және оның құқығы туралы заң жобасы» әзірлеуге алынса таңқалмаймын.
Енді мына бейресми дерекке назар салайық. Қазақстанда 1 миллионға жуық еркектің екінші әйелі бар екен. Тоқалдарға жыл сайын қанша қаржы жұмсалады? Бұл туралы Қаржы министрлігі мен Салық комитетінің нақты есебі жоқ.
Дегенмен, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, елімізде екінші әйел ұстайтын әрбір еркек тоқалына орташа есеппен жылына 15-20 миллионға дейін ақша шығындайды.
Егер «Тоқал» туралы заң жобасы қабылданса көлеңкелі айналымдағы ақшалар су бетіне қалқып шығып, қазынаға салықтық түсімдер ұлғаяды. Бірақ бұл заңды жоғары жақтағы үлкен ағалар қолдайды ма?
Мәселе осындай болып тұр"
деген журналист аталмыш сұхбаттың сілтемесін бөлісті.
Журналистің бұл жазбасына қатысты пікір жазған қауымның басым бөлігі "бұл елде тоқалдан басқа проблемалар шешіліп қойды ма?", "билік мінберінен айтылатын мәселе ме бұл" дегенге саятын пікір жазуда.