Тұмар есімді трансгендер өзінің жеке өмірі туралы айтып беріп, жұртты үлкен ойға қалдырды деп жазады Democrat.kz.
"Трансгендер боп аспаннан салбырап түсе қалмадым. Мен - қырғызстандық трансгендер, атым - Тұмар. Өмірге қыз болып келдім.
Біз жақта көп отбасыда кездесетін жағдай, әкелердің өмірге ұл келуін ерекше қалауы деген нәрсе бар. Біздің отбасымызда да солай, қыздың артынан қыз келген отбасымыз.
Шешем маған жүкті екен, қыз болатынымды білген сәтте әкем анамды өлесі сабап тастаған екен. Яғни, менің өмірге келуімді мүлде қаламапты. Шешем мені өмірге әкелгенше, көрсетпеген қорлығы қалмапты.
Үйдегі ортаншы қыздың бірі болдым. Айналамдағылар мені жақсы көрсін деген ниетпен барлығына "ыңғайлы бала" болдым.
Әкемнің туыстары үйлеріне әлдебір шаруасын істетуге, тамақ пісіртуге шақыртатын. Шауып баратынмын.
Ал былайғы өмірде мені ешкім іздемейтін, бар-жоғым белгісіз бала болдым. Десек те, ештеңеге қарамай, оқушы кезімнен тойларда ән айтып, тамақ пісіріп кәдімгідей ақша таптым.
Алайда... уақыт өте келе өзімнің бұл өмірге әке-шешемнің аттай қалап әкелмегенін, басқа қыздар сияқты сұлу болмауым, ал бәрінен де сыртқы терімнің ішінде жан дүниесі мүлде басқа адам болып өмірге келуім - маған осылай үлкен трансформация жасауға түрткі болды.
Өзімнің өзге қыздардай бола алмайтыныма көзім жеткен уақытта жынысымды ауыстыруға шешім қабылдадым. Гормоналдық ем қабылдап бастадым. Арада біраз уақыт өтті.
Өзім қабылдаған бұл шешім туралы анама кейінірек айттым. "Бұл - сенің таңдауың. Ешқандай қарсылық көрсетуге қақым жоқ. Бірақ ұмытпа, қандай жағдай болса да, қаншалықты өзгерсең де, сен менің балам болып қаласың" деді, бітті.
Ал әкеме трансгендер отасын жасатқан соң, айттым. Өкінішке қарай, әкем естігенде, өкіріп жылады. "Бәріне мен кінәлімін! Менің кесірімнен болды бәрі" деп өксіп жылай берді" деген Тұмар дәл қазіргі кезде Лондонда тұратынын, ішіндегі бүкіл өкпе-реніш, өкініш атаулыны өшіріп, жаңа өмір бастағанын айтады.