Түркістан жамағаты наразы: Наурызбай қажының мұнысын қалай түсінбек керек?

Түркістан жамағаты наразы: Наурызбай қажының мұнысын қалай түсінбек керек?
Түркістан облысын тағы да шу шықты. Бұл жолы Түркістан қалалық бас имамдығына мүфти Наурызбай Өтпеновтің кімді қалай отырғызғаны туралы мәселе сөз болуда деп жазады Democrat.kz.
 
"Даудың басы Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің өпірім қылығы ма?"деп жазған танымал журналист Ораз Әлімбеков Бас мүфтиге қатысты ел білмейтін тағы бір деректі жариялады. 
 
"Төмендегі видеода блогер жергілікті жамағаттың жанайқайын жеткізіп жатыр. Айтуынша, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов Түркістан қаласының бас имамдығына тағайындалғанына бір жыл ғана болған Талғат Сейдалиевтен «өз еркіммен қызметімнен кеттім» деген арыз жаздырып алған.
 
Оның орнына Жүсіп деген есімі жаманатқа ұшыраған біреуді қоймақшы екен. Осыған жергілікті жамағат наразы.
 
Жалпы, қалада орналасқан мешіттерге түсетін пайда шаш етектен. Мүфтият үшін, атап айтқанда Бас мүфти Наурызбай Өтпенов үшін қаланың бас имамы кім болатыны аса маңызды.
 
Сондықтан өзі бір жыл бұрын тағайындаған Талғат Сейдалиевті діни қызметінен алып тастап, оның орнына «жүріс-тұрысы көп» Жүсіпті бас имам қылмақ.
 
Осы видеодан кейін «Жүсіп Бас мүфти Н.Өтпеновке не өткізіп қойған, оған қандай еңбегі сіңді?» деген сұрақтың төңірегін қысқаша зерттедім.
 
Сөйтсем, көктемде киелі Түркістанға зиярат ету үшін Түркіменстанның мүфтиі келіпті. Н.Өтпенов онымен үш жылдай бұрын Бакуде өткен дінбасылар жиынында әмпей-жәмпей жақсы боп қалған сияқты.
 
Мәртебелі қонақ Түркістанға келген соң оған жақсылап күтіп, аста-төк қонақасы беру керек қой. Жан қалтасынан тиын шығармайтын Бас мүфти қонақ күтуді тағы да облыстың бас имамы Е.Төлеповке тапсырады да.
 
Ол да қалтасынан соқыр тиын шығармайтынның бірі-ау, сірә... Қысқасы, Түркіменстаннан келген мәртебелі қонақты Жүсіп күтеді ғой. Төмендегі сурет сол кезде Түркістандағы ең қымбат «Сандық» мейрамханасында түсірілген ( Жүсіп суретте Ғұламалар кеңесінің белді мүшесі Мұхан Исаханның қасында тұр).
 
Міне, алымның да салымы бар деген сөз рас боп шықты. Бас мүфти Н.Өтпеновтің қонағын әбден күтіп, қаржысын шығындаған Жүсіп содан бері Түркістан қаласының бас имамы қызметін сұрап қылқылдап жүргенге ұқсайды.
 
Сондықтан, киелі қалада бір жыл ғана бас имам болған Талғат Сейдалиевті керек қылмай «лақтырып» жіберген ғой" деп жазады Ораз Әлімбеков.
 
 
Барлық жаңалықтар