"Түтікшемен тамақтануда": Сыныптастары соққыға жыққан қыздың анасы бар шындықты айтты

"Түтікшемен тамақтануда": Сыныптастары соққыға жыққан қыздың анасы бар шындықты айтты

Қызылордада мектеп оқушысына жасалған қатыгездік қоғамды дүр сілкіндірді. Ауыр соққыға жығылған 16 жастағы жасөспірімге ота жасалып, бір айдан астам уақыттан бері түтікше арқылы ғана арнайы тағаммен қоректенуге мәжбүр деп жазады Democrat.kz.


Оқиға 2026 жылдың 28 қаңтарында шамамен сағат 18:30 шамасында қаланың Шанхай шағын ауданында орналасқан Жамбыл атындағы №120 мектеп маңында болған.

 

Жәбірленушінің анасы Р.Ш-ның айтуынша, оның ұлы Е.Е-ге осы мектептің 9-сынып оқушылары – Б және И есімді екі жасөспірім жабылып, аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алған. Анасының айтуынша, баланың миы шайқалып, бет сүйектері мен тістері сынған. Дәрігерлер баланың жағдайының ауырлығына байланысты толық наркозбен ота жасауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта ол бір айдан астам уақыттан бері түтікше арқылы ғана тамақ ішіп отыр.

 

Жәбірленушінің анасы бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарына арыз жазғанын айтады. Алайда оның сөзінше, іс әлі күнге дейін толыққанды қаралмай жатыр.

– Тергеушіге бірнеше рет хабарластым, бірақ жауап жоқ. Ақсай тергеу бөлімінің орынбасарына да жаздым. Нақты жауап ала алмадым, телефон көтеруі қиын, – дейді шырылдаған ана.

Толық ақпарат ала алмаған соң, анасы қалалық полиция басқармасына барып, істі бақылауға алуды сұраған. Бірақ оның айтуынша, бұл әрекеттен де нәтиже шықпаған. Жәбірленуші тарап мектеп әкімшілігіне де жүгінген.

– Мектеп директорына барып, ата-аналармен жұмыс жүргізуін сұрадым. Бірақ әдеттегідей ешқандай нәтиже жоқ, – дейді ол.

 

Сонымен қатар, анасы баласын соққыға жыққан оқушылардың ата-аналарынан емдеу шығындарын өтеуді сұраған. Алайда олардың әрекеті анасының айтуынша күтпеген жағдай болған.
– Олар балаларына жеке, ақылы қорғаушы жалдағандарын айтты. Сонда олар баласын кімнен қорғап отыр? Керісінше біз қоғамдағы сондай бұзақы балалардан қорғануымыз керек емес пе? – дейді жәбірленушінің анасы.
Қазіргі уақытта жарақат алған жасөспірім үйінде ем қабылдап жатыр. Анасының айтуынша, ем-дом мен арнайы тағамдарға қомақты қаражат кеткен.

 

Жәбірленушінің анасы бұл істің Қылмыстық кодекстің 107-бабы, денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру ретінде қаралуымен келіспейді.

Барлық жаңалықтар