Уағызшы мектеп мұғалімін сынап, ақыл айтуды бастады

Уағызшы мектеп мұғалімін сынап, ақыл айтуды бастады

Біраз уақыттан бері айналасындағы әріптестеріне қырғидай тиіп, сынаудың көкесін көрсетіп жатқан уағызшы Данияр Кенжеұлы енді мектеп мұғалімдеріне шүйлігуді бастады деп жазады Democrat.kz.

Еске салып өтейік, Данияр уағызшы бұған дейін "дінді дұрыс насихаттамай жүрсіңдер", деп Дарын Мубаров, Нұрлан имамға тиісіп, әлеуметтік желіде "қылышын жалаңдатқан" болатын. 

Бұл уағызшы енді Қазақстанның Ата заңын белден басып, мұғалімдерге ақыл үйрете бастаған сияқты. 

Данияр уағызшы өзінің әлеуметтік желі сторисында: "Ең алдымен қатесіз жазуды үйреніңіз. Ораза ұстамай оқыған сіз секілді "білімді, дана" мұғалімнің үтір мен нүктені дұрыс қоя алмауы ұят. 

Ораза ұстау балиғатқа жеткен әр адамның жеке таңдауы. Әлде мектептің ішкі тәртібінде, заңда бұған тыйым бар ма?

"Оқуға кедергі" дегеніңіз бос сөз, бос сылтау. Дінді жек көретіндердің ораза келгенде айтатын ең әлсіз аргументі", деп жазды. 

Жаңа Конституцияның өзінде "дін атаулыны мемлекеттен алыстату" мәселесі көтеріліп жатқанда, діндардың зайырлы мекеме саналатын мектептің ішкі тәртібіне "пәтуа" шығарғаны Қазақстан Республикасының қай заңы мен тармағына сәйкес келіп тұр? 

"Мектеп оқушысы ораза ұстасын. Сәресіге тұрған оқушы сабақта маужырап, аузы сілекейге толып, мазасы кетсін. Ал бәрінен де дін үшін титтей баланың асқазан деп аталатын органынан бастап, басқа да органдарына зақым келсін" дейтін баптар мен тармақтар ҚР заңдарының қай тұсында жазылған? 

Мектеп оқушысы үшін үкім шығарып отырған Данияр Кенжеұлына мұндай құзіретті кім беріп отыр? 

Дайындаған Хақназар САДЫРХАН. 

Барлық жаңалықтар