«Бастауыш сыныптың былығын мемлекеттік деңгейге көтеру керек!» Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада мұғалімдердің өздері білім беру жүйесіндегі өзгерістерден хабарсыз қалып отырғаны айтылды. Автор төртінші сынып оқушысының сөзі арқылы бағалау жүйесіндегі түсініксіз жағдайды көтеріп, Оқу-ағарту министрлігіне өткір сауал жолдады, деп жазады Democrat.kz.
Facebook желісінде Гүлжазира Бекболатқызы бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты наразылығын білдірді.
Ол білім саласындағы өзгерістердің мұғалімдер мен ата-аналарға қаншалықты түсінікті жеткізіліп жатқанын сұраққа алған.
«Осы бастауыштың бағалауы да пилоттық жоба ма? ҰБА сүйіншіледі. Министр бүйдеді», — деп жазды ол.
Автордың айтуынша, өзі төртінші сынып оқитын Әйерке есімді баладан диктант пен мазмұндамадан қандай баға алғанын сұраған.
Алайда оқушының жауабы оны таңғалдырған.
«Диктант пен мазмұндамадан неше балл алдың?» — деп сұрадым.
«Бізде ондай сабақ жоқ. Біз БЖБ мен ТЖБ жазамыз», — деді.
Гүлжазира Бекболатқызы осы жауаптан кейін бастауыш мектепте балалардың жазу дағдылары қалай бағаланатыны туралы мәселе көтерген.
«Бастауыштағы баланың білімі дұрыс қаланбаса, не болады?»
Жазба авторы бастауыш білім берудің маңызын атап өтіп, мектептегі бағалау жүйесінің өзгерістеріне алаңдаушылық білдірген.
«Енді не істейміз? Елдің бас ұстазы мені банға тығыпты. Ұстаздың үнін естігісі келмеді ме?» — деп жазған ол.
Автор бұл жағдайды жеке ренішпен ғана шектемей, білім беру жүйесіндегі мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеру қажеттігін айтқан.
«Бастауыш нақты былығып жатыр. Бастауышта баланың білімі дұрыс қаланбаса, не болады?» — деп сұрайды ол.
Бұл сауалдың астарында бастауыш сыныпта қалыптасатын оқу, жазу және сауатты ой жеткізу дағдыларына қатысты алаңдаушылық жатыр.
«Президентке жазыламын ба, әлде теледидарға шығамын ба?»
Гүлжазира Бекболатқызы мәселені жоғары деңгейде көтеруге дайын екенін мәлімдеді.
«Бұл былықты мемлекеттік дәрежеде көтеру керек. Президентке жазыламын ба? E-Otinish жіберемін бе? Әлде телевидениеге сөйлесем бе екен?» — деп жазды ол.
Жарияланым астындағы пікірлерде де білім саласындағы өзгерістердің түсініксіздігі мен ақпараттың жеткізілуіне қатысты мәселелер көтерілген.
Пікір қалдырған қолданушылардың бірі:
«Үкімет естір ме екен?» — деп сұраған.
Автор оған:
«Естірту керек», — деп жауап берген.
«Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылсын»
Дегенмен жазбадағы пікірмен келіспеген ата-аналар да бар.
Өзін осы сыныпта оқитын баланың анасы ретінде таныстырған қолданушы автордың мәліметіне қарсы шыққан.
«Менің балам осы сыныпта оқиды. Сынып жетекшісі ата-аналар жиналысында ата-аналарды БЖБ, ТЖБ жұмыстарының алынып тасталғаны, бұдан былай аралық бақылау диктант, мазмұндама түрінде алынатыны және олардың қалай бағаланатыны туралы хабардар еткен болатын. Аралық бақылау жұмыстары алынып жатыр», — деп жазған ол.
Ата-ана жазба авторының сыныпқа қатысы жоқ екенін айтып, жалған ақпарат таратты деп айыптаған.
«Біздің сыныпта бұндай ата-ана жоқ. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылсын», — деген ол.
Ал Гүлжазира Бекболатқызы одан нақты қай сынып туралы айтып отырғанын сұраған.
Осылайша, пікірталаста бастауыш сыныптағы бағалау тәртібіне қатысты бір-біріне қарама-қайшы екі мәлімдеме айтылды.
Бастауыштағы бағалау тәртібі қаншалықты түсінікті?
Жарияланған жазбада көтерілген негізгі мәселе — бастауыш сынып оқушыларының білімін тексеру тәртібі және бұл өзгерістердің қалай түсіндіріліп жатқаны.
Бір тарап төртінші сынып оқушысының жауабына сүйеніп, диктант пен мазмұндаманың орнына БЖБ мен ТЖБ қолданылып жүргеніне алаңдаса, екінші тарап мұғалімнің ата-аналарға аралық бақылау жұмыстарының енгізілгенін түсіндіргенін мәлімдеген.
Бұл пікірлердің қайсысы нақты оқу тәжірибесін көрсететінін анықтау үшін тиісті сыныптағы бағалау құжаттары мен мектептің ресми түсініктемесі қажет.
Ал Гүлжазира Бекболатқызы өз жазбасында бастауыш білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты сұрақтарының жауапсыз қалмауын талап етіп отыр.
Оның «Естірту керек!» деген сөзі де білім саласындағы жауапты тұлғаларға бағытталған үндеудің түйініне айналды.