Танымал педагог, білікті мұғалім Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында қалалық мәслихатқа депутат болуға үміткер ретінде тіркелгісі келетінін мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы бүгінге дейін білім саласындағы, соның ішінде Оңтүстік өңірдегі білім жүйесіндегі түрлі мәселелерді шешуге белсені араласып, талай ұстаздың проблемасын шешіп жүрген танымал азамат.
Ол желідегі парақшасында өзін қолдайтын шымкенттік педагогтарға үндеу жасап: "Бастарыңызға іс түссе кез келген уақытта хабарласып, көмек сұрайсыздар. Жалақысын уақытылы ала алмаған мұғалім де түннің бір уағында хабарласып, жәрдем сұрайды. Басшыларыңыз озбырлық жасаса, мені мазалайсыздар. Әділетсіздікке ұшырасаңыздар маған хабарласасыздар.
2023 жылы Мәжіліс сайлауына түскенімде, өз мектебімнің 90 пайызы дауыс берген еді. Басқалары белсенділік танытпады. Міне, сол кезде маған дауыс бергендеріңізде, жағдай мүлде басқаша болар еді. Жоғарыдан қорқып отырдыңыздар. Ал енді көмек керек кезде қайтадан маған келіп жатсыздар.
Ары ойланып, бері ойланып, Шымкент қалалық Мәслихатына депутаттыққа үміткер етіп, өзімді ұсынғым келеді. Енді бұл жолы мені қолдап, дауыс бермесеңіздер, онда мені мазаламаңыздар! "Өздеріңізге сол керек" деп тыныш отыра беремін!", - деп, шымкенттік педагогтарға сенім артатынын айтты.