Танымал адамдардың ажырасуы мен жеке өміріндегі дау-дамай қоғамға қандай әсер етіп жатыр? Әлеуметтік желіде Гүлшат Жолдыбайқызы өнер адамдарының отбасылық жанжалдары жастарға теріс үлгі болып отырғанын айтып, өткір пікір білдірді. Оның пайымынша, отбасын бұзуды қалыпты құбылысқа айналдыру қоғамдағы ажырасулардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Facebook желісінде Гүлшат Жолдыбайқызы танымал өнер адамдарының ажырасуы, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі және мұндай жағдайлардың жастарға ықпалы туралы көлемді жазба жариялады.
Автордың пікірінше, соңғы уақытта өнер адамдарының жеке өміріндегі жанжалдар мен ажырасулардың көпшілік алдында талқылануы қалыпты жағдайға айналып барады.
«Ажырасу мен әдепсіздік шоу бизнес әртістері арасында өршіп тұр! Олардың өмірін пір тұтқан жастар соларға қарап бұзылуда», — деп жазды ол.
Гүлшат Жолдыбайқызы танымал тұлғалардың отбасылық мәселелері олардың жеке өмірімен ғана шектелмей, қоғамдағы отбасы туралы түсінікке де әсер етуі мүмкін деп есептейді.
«Ақ некесін тәрк етіп, отбасын бұзуды қалыпты жағдайға айналдырды»
Жазба авторы отбасылық өмірде қиындықтың болуы заңдылық екенін, алайда оны жеңудің орнына шаңырақты бұзуды оңай шешім ретінде қабылдауға қарсы екенін жеткізген.
«Адамдар дүние байлығын армандайды, сол дүниеге қолы жеткенде оларды басқа нәпсі арбайды, ол нәпсіге қол жеткізу үшін отбасын, ақ некесін тәрк етіп, екі тарап та отбасы тыныштығын бұзып, балалар психикасына үлкен ауыртпалық түсіп, Алланың ең жек көретін сөзі "ажырасу" болады», — дейді ол.
Автор ажырасқан танымал адамдардың кейін көпшіліктің талқысына түсетінін, олардың әрекетін бірі сынаса, енді бірі қолдайтынын айтқан.
«Ал ажырасқан соң оларды аңдып отырғандар гу етеді. Талқылап, сүйегін жуып, етін жейді, әркім өзінше пікір жазып», — деп сипаттайды ол.
Гүлшат Жолдыбайқызының пікірінше, қоғамның теріс көзқарасынан қорқатындар отбасын сақтауға тырысса, оған мән бермейтіндер жеке өмірінде қайта-қайта өзгеріс жасауға бейім болуы мүмкін.
«Ата-ананың ақ батасын аяққа таптамаңдар!»
Жазбада қазақтың отбасы құндылықтары мен үлкендердің батасына да ерекше мән берілген.
«Ақ некелі жарының мал таппайды деп сағын сындырып, ақ төсегін тәрк етіп, ата-енесінің ақ батасын аттау қазақта болған жоқ», — деп жазған автор.
Ол жастарды отбасындағы қиындықтарға төзімді болуға, ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрмет көрсетуіне шақырған.
«Отбасын нәпсі ұстамайды, сыйластық қана ұстап қалады. Адамның адамгершілігі болса ғана сыйлайды бір-бірін», — дейді Гүлшат Жолдыбайқызы.
Автордың пайымынша, танымал адамдардың өмір салтына еліктеу, олардың ажырасуын немесе жаңа қарым-қатынасын үлгі тұту жастардың отбасылық жауапкершілікке деген көзқарасына кері әсер етуі ықтимал.
Дегенмен қоғамдағы ажырасулардың көбеюіне нақты осы жағдайлар себеп болып отырғанын дәлелдейтін деректер жазбада келтірілмеген. Бұл — автордың қоғамдық құбылысқа қатысты жеке көзқарасы.
Гүлшат Жолдыбайқызы жазбасының соңында жастарға қарата отбасының қадірін білу, ата-ананың үмітін ақтау және ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығын сақтау туралы үндеу жасаған.