Қазақстанда кейбір азаматтар нотариустың қызметін тегін пайдалана алады. Ал жетім балалар мен жекелеген қоғамдық ұйымдар үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Нотариаттық палата қолданыстағы жеңілдіктердің кімдерге берілетінін және құжат рәсімдеудің қанша тұратынын түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда нотариаттық қызметтерге қатысты жеңілдіктер барлық азаматқа бірдей қолданылмайды.
Қарағанды облысының нотариаттық палатасы 2026 жылы қандай азаматтар нотариустың қызметіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босатылатынын түсіндірді.
Елімізде жеке нотариустардың қызметіне арналған жаңа тарифтер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Қызмет құны рәсімделетін құжаттың түріне байланысты есептеледі.
Мысалы, өсиетті куәландыру 12 975 теңге, мұраға құқық туралы куәлік беру 17 300 теңге тұрады.
Ал жеке тұлғаға қарапайым сенімхат рәсімдеу құны 4 758 теңге болып белгіленген.
Дегенмен «Нотариат туралы» заңда әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.
Нотариаттық әрекеттерге ақы төлеуден толық босатылатын азаматтардың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар және заңда көрсетілген басқа да ардагерлер санаттары кіреді.
Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтар, бала кезінен мүгедектігі бар адамның немесе мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі жеңілдік пайдалана алады.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алған әйелдер де нотариаттық қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын қарт адамдарға да осындай мүмкіндік берілген.
Жасына байланысты зейнеткерлер көптеген нотариаттық әрекет бойынша жеңілдік пайдалана алады.
Алайда бұл жеңілдік барлық қызметке таралмайды. Мәселен, кейбір мәмілелерді куәландыру, мұрагерлік құжаттарды рәсімдеу және өзге де арнайы әрекеттер үшін ақы алынуы мүмкін.
Қандастар Қазақстан азаматтығын алуға байланысты нотариаттық әрекеттер үшін ақы төлеуден босатылады.
Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі балаларға белгіленген тарифтің 50 пайызын төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Осындай жеңілдік мүгедектігі бар адамдардың жекелеген қоғамдық бірлестіктеріне де беріледі.
Нотариусқа жүгінер алдында азаматтар өздерінің жеңілдік алуға құқығы бар-жоғын және оның нақты қандай қызметке қолданылатынын анықтап алғаны жөн.