ҰБТ-дан 120 балл әперу құны - 3 млн теңге ме? Қоғам белсендісі тиісті органдарға сауал жолдады

ҰБТ-дан 120 балл әперу құны - 3 млн теңге ме? Қоғам белсендісі тиісті органдарға сауал жолдады
Қоғам белсендісі Нұржамал Реметова Түркістан облысында болған ҰБТ- ға қатысты сұмдық жайт туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"Жетісайлық бір әйел полиция бөліміне :"Қарлығаш пен Роза деген әйелдер қызыма ҰБТ-да 120 балл жинап беру үшін 3 миллион алды. Бірақ уәдесін орындамады. Осы айтқаныма байланысты айғақтар бар," деп, Жетісай ауданына қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі Астана көшесі 45-мекен жайдағы ғимаратты көрсеткен.
 
17 шілде күнгі тергеушінің жүргізген тінтуі кезінде аталмыш ғимараттан ҰБТ сұрақтары бар 19 дана кітапша, 2 дана ұялы телефон, 1 дана ноутбук табылған.
 
Бір қызығы, әлгі мекен жайда Жетісайдың "танымал тұлғалары" - депутат Айнабеков пен бір мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Қарғабаева тұрады.
 
Әлгі заттардың "танымал тұлғалар" тұратын мекен жайдан табылуы есіме еріксіз ел аузында жүрген: "Қарғабаева мұғалімдер мен оқушыларды тесттен өткізіп береді. Үйінің алдындағы ғимаратты соған лайықтап компьютер т.б. керекті заттармен жабдықтап қойған. Тестке барар алдында мұғалімдер сол жерге кіріп жилет киіп шықса,тесттен сүрінбей өтеді," деген өсекті түсіріп жібергені.
 
Әлгі арыз бойынша қазір тергеу жүріп жатыр дейді.
Осындай әңгіме тарап жатыр. Осы рас па?
 
Жергілікті полицияға "танымал тұлғалардың" беделі әсер етіп, қылмыстық іс жеңіл-желпі тергеліп, бетін ғана қалқып өте шықпай, арыз бойынша толыққанды тергеу жүргізілуі тиіс деп есептеймін" деген Нұржамал Реметова істің ақ-қарасын анықтауды сұрап тиісті мекемелерге парақшасынан сауал жолдады. 
 
Барлық жаңалықтар