Атырауда 13 мыңға жуық оқырманы бар блогер қыз Түркияға тур жарнамалағаны үшін соққыға жығылғанын айтып шағымданды. Блогердің сөзінше, тур ұйымдастырған танысы оны қаланың сыртына апарып ұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зардап шеккен – Кұралай Болатова есімді атыраулық тұрғын. Ол Түркияға (Ыстамбұлға) жарнамалық тур ұйымдастыруға көмектесіп, танысына сеніп, 100 мың теңге алдын ала төлем жасаған. Бұл ұсынысты өз оқырмандарына да жарнамалаған. Сол арқылы басқа адамдар да ақша аударған.
“Бәрі есімі Акмурзиева Айдана деген қыздан басталды. Ол маған: "Ыстамбұлға тур ұйымдастырып жатырмын, жарнама жасап берші" деді. Таныс адам болған соң сеніп, сториске салып бердім.
Сол стористі көрген адамдар мен арқылы сол тур жайлы сұрап, оған ақша жібере бастады. Мен де қызығып, өзім бармақ болдым. Акмурзиева Айдана есімді қызға 100 000 теңге алдын ала төлем жасадым. Бірақ уақыты келгенде не билет жоқ, не тур жоқ.
Акмурзиева Айдана түрлі сылтау айтып, ақшаны "Асем" деген адамға жібердім деп алдады. Кейін сол Асеммен өзім сөйлесіп, оның бұл іске мүлде қатысы жоқ екенін білдім. Сонда ғана бәрін өтірік ұйымдастырғанын түсіндім”, – деді блогер.
Құралайға ақшаны 3 қазан күні қайтарған. Алайда одан бопсалап, "ұятсыз видеоларыңды таратып жіберем" деп қоқан-лоқы жасаған.
“Сол түні туған күнге барған едім. Сол кештен шығып үйге бара жатқанымда оның құрбысы Нұғманова Ақбота екеуі келіп, "сөйлесеміз" деп алдап, мені көлікке отырғызды. Айдалаға молаға апарып ұрып-соғып, теуіп, кейін қансырап жатқан күйімде өздерімен бірге мені Акмурзиева Айдана өзінің құрбысы Нұғманова Ақботаның үйіне алып кетті. Қазір денемде сау жер жоқ. Психологиялық жағынан да өте ауыр соққы алдым.
Келесі күні мен бұл адамдардың үстінен полицияға арыз жаздым. Мен әділдік орнағанын қалаймын! Бұндай қатыгездікке жол беруге болмайды. Мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Бірақ мені алдап, қорқытып, ұрып-соққан адамдар жазасыз қалмасын”, – деді бойжеткен.
Атырау облыстық полиция департаменті 4 қазан күні 25 жастағы қала тұрғыны полицияға таныстары тарапынан дене жарақаты салынғаны жөнінде арыз түсіргенін хабарлады.
“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды. Куәгерлерден жауап алынуда, беттестірулер өтуде. Жәбірленушінің барлық уәждері мұқият тексеріледі. Ал жанжалға қатысқандардың әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деп хабарлады департамент.