АҚШ-тың Чикаго қаласында ер адам ұйықтап жатқанда егеуқұйрықтардың шабуылына ұшырады. Оқиға тұрғындардың санитарлық жағдайға қатысты шағымдарын қайтадан күн тәртібіне шығарды деп жазады Democrat.kz.
Rogers Park ауданында тұратын Эривьерто Эрнандестің айтуынша, ол түнгі сағат үш шамасында бетінде бір нәрсе жыбырлап жүргенін сезіп оянған.
«Бетімде жүргенін сезіп, дереу қағып жібердім», – дейді ол.
Белгілі болғандай, ұйықтап жатқан ер адамның бетін егеуқұйрықтар кеміре бастаған.
Оқиғадан кейін ол ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер жарақатын емдеп, құтыру ауруына қарсы екпе салған. Ер адамның айтуынша, көзі әлі күнге дейін ауырып, толық айығып үлгермеген.
Эривьерто Эрнандес бұл үйде егеуқұйрық мәселесі бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын айтады. Тұрғындар бірнеше рет басқарушы компанияға шағымданғанымен, мәселе толық шешілмеген.
Қазір ол 60-тан астам тұрғынмен бірге үйдегі антисанитарлық жағдайды жоюды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, көп пәтерде егеуқұйрықтардан бөлек тарақандар да қаптап кеткен.
Ал ғимаратқа қызмет көрсететін компания өкілдері зиянкестерге қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге кейбір тұрғындардың өздері пәтерлерін таза ұстамайтыны жағдайды қиындатып отырғанын алға тартты.
Зардап шеккен тұрғын емделуге кеткен шығынды өндіріп алуға ниетті. Ал тұрғындар қауымдастығы санитарлық талаптардың сақталуын талап етіп, күресті жалғастыратынын мәлімдеді.