Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын жол апаттарынан 40 мың адам жараланып, 2,5 мың адам қаза табады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Айта кетейік, бүгін үкіметте премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралған болатын.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол апаттарының негізгі себептерін атай келе, жүргізушілердің тәртібі нашар екенін баса айтқан.
«Көлік жүргізу тәртібінің нашарлығы, жол инфрақұрылымының жай-күйі, әсіресе қыс мезгілінде және автокөліктердің техникалық жағдайы жол апаттарының негізгі себептері. Жүргізушілердің жеке тәртібі нашар, жол апаттарының 90% солардың кінәсінен болады. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам адам жол қозғаласы ережесін бұзған. Одан басқа 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.