Үкіметтен есеп сұрайды: Құрылтай депутатының құзіреті күшейеді

Үкіметтен есеп сұрайды: Құрылтай депутатының құзіреті күшейеді

Жаңа заң жобасында Құрылтай мен Үкімет арасындағы қатынас заң қабылдаумен шектелмей, министрлерді тыңдау, есеп сұрау және депутаттық бақылау тетіктері арқылы күшейтілмек деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Ertenmedia.kz.ке сілтеме жасап.

«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасында Үкімет мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауапкершілігі бірнеше арна арқылы көрсетілген. Соның бірі — Үкімет сағаты.

 Құжатқа сәйкес, Құрылтай меморгандар мен ұйымдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Үкімет сағатын өткізе алады.

Үкімет сағаты жәй формальды кездесу емес. Оған Премьер-министр, министрлер, Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Жоғары аудиторлық палата, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғарғы сот және өзге де мемлекеттік орган басшылары шақырылуы мүмкін. Олар ашық немесе жабық отырыста сөз сөйлеп, депутат сауалына жауап береді.

Заң жобасында депутаттық сауал да сақталған.

Депутат Премьер-министрге, министрлерге, Бас прокурорға, ҰҚК төрағасына, Ұлттық банкке, әкімдерге және басқа да лауазымды тұлғаларға ресми сұрау жолдай алады. Сұрауда көтерілген мәселе сол органның құзыретіне кіруі керек. Жауап бір ай ішінде берілуге тиіс.

Комитеттерге де бақылау құралы беріліп отыр

Тұрақты комитеттер заң жобасын қарап қана қоймай, өз құзыреті бойынша тыңдау өткізе алады. Қажет жағдайда Үкімет өкілдері мен мемлекеттік орган басшылары комитет отырысына шақырылады.

Депутаттар олардан түсініктеме алып, нақты мәселе бойынша есеп талап ете алады.

Құрылтай Премьер-министрдің баяндамасын да тыңдайды. Жоба бойынша Үкімет басшысы Құрылтай отырысында Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен маңызды шешімдері туралы баяндама жасайды. Ал депутаттар кемінде үштен бір дауыспен Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы бастама көтере алады.

Құжаттағы ең салмақты тетік…

Үкіметке сенімсіздік білдіру мүмкіндігі. Егер Құрылтай депутаттарының кемінде бестен бірі бастама көтерсе, палата Үкіметке сенімсіздік вотумы туралы мәселені қарай алады. Шешім депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Жаңа үлгі қабылданса, әкім-қара мен министрлер үшін Құрылтай мінбері жай есеп беретін орын болмайды. Ол жерде министрдің сөзі, шешімі, салалық жұмысы депутат сауалымен өлшенеді. Құрылтай Үкіметті тек сырттай бақылаушы емес, қажет кезде жауап талап ететін саяси институт ретінде көрінбек.

Барлық жаңалықтар