Үндеу жасаған мұғалімдер мектепті сотқа берді

Үндеу жасаған мұғалімдер мектепті сотқа берді

Қызылорда қаласындағы «Amanat School» жеке бастауыш мектебінің 11 қызметкері бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін айтып, Qaz365.kz редакциясына хабарласты деп жазады Democrat.kz.

Олардың сөзінше, мектепте қаржылық қиындықтар өткен оқу жылында басталған. Қазір қызметкерлер еңбекақы, еңбек демалысы төлемдері, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Даудың басы үкіметтен берілетін қаражат тоқтап қалған соң басталған. 

Qaz365.kz редакциясы айлығын ала алмаған қызметкерлермен тілдесіп, мектеп басшылығына да хабарласып көрді.

Оқытушылар мен қызметкерлердің айтуынша, мектептегі қаржылық қиындықтар 2025–2026 оқу жылында басталған. Қызметкерлер еңбекақыдан бөлек еңбек демалысы төлемдері, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың да уақытылы жүргізілмегенін мәлімдеді.

Қазір мұғалімдер мен өзге де қызметкерлер берешекті өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Алайда олардың сөзінше, қажетті құжаттардың ұсынылмауына байланысты сот отырыстары бірнеше рет кейінге қалдырылған.

Мектептің бұрынғы мұғалімі Айгерім Ахунова жалақысын ала алмағаннан кейін қаржылық қиындыққа тап болғанын айтты.

«Менің аты-жөнім Айгерім Ахунова. “Amanat School” жеке мектебінде 2023–2026 жылдар аралығында жұмыс істедім. 2026 жылы қаңтарда жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Себебі қараша мен желтоқсан айларының жалақысын ала алмадым», — деді ол.

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі — Қарақат Серікбаева. Оның айтуынша, қызметкерлерге бірнеше ай бойы жалақы төленбеген.

«Айлықты қараша айынан бері алмадық. “Ақша түседі” деген уәде ғана айтылып келді. Жазғы еңбек демалысының ақшасы да төленбеді», — деді Қарақат Серікбаева.

Ал Айтолған Әнуарбекова Қызылорда қаласына ауылдан қатынап жұмыс істегенін айтады. Оның сөзінше, жалақы төленбегендіктен ақпан айында жұмыстан кеткен.

«Қыста жол шығынын жабу үшін алтындарымды ломбардқа өткізуге тура келді. Несиелерім де уақытында төленбей қалды. Үш балам бар, оның бірі мүгедектігі бар бала», — деді ол.

Үш жыл еңбек еткен Құндызай Нұрмаханова да бірнеше айлық жалақысы мен еңбек демалысы төлемдерін ала алмағанын жеткізді.

«Екі жыл бойы зейнетақы мен әлеуметтік аударымдар толық жүргізілмеді. Қарашадан бастап жалақымызды толық алмадық. Бізге үнемі “қаржы түскен соң есептесеміз” деп айтылды», — деді ол.

Ақжарқын Құрманәлі де жалақыдан бөлек қосымша атқарған жұмысы үшін ақы төленбегенін айтты.

«Қыркүйектен ақпанға дейін жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында айлық та, есеп айырысу төлемі де берілмеді. Қосымша сабақ сағаттары үшін де ақы алған жоқпын», — деді ұстаз.

Мектеп асханасында жұмыс істеген Райхан Өмірзақова жеті айлық еңбекақысы мен еңбек демалысы төлемін ала алмағанын айтты. Аспаз болып қызмет еткен ол ешқандай көмекшісіз істегенін айтты.

«Зейнетақы жарналары мен МӘМС аударымдары жүргізілмеген. Несиемді төлей алмай жүрмін, денсаулығыма байланысты емделуге де мүмкіндік болмай отыр», — деді ол.

Көпбалалы ана Мадина Уринова да бірнеше айлық жалақы мен еңбек демалысы төлемдерінің берілмегенін жеткізді.

«Оқу жылы аяқталды, бірақ еңбекақымызды әлі алған жоқпыз. Екі студент қызым бар. Несие төлеу де қиындап кетті», — деді ол.

Төрт жылға жуық еңбек еткен ұстаз Жанат Жүсіпова мен техникалық қызметкер Орынкүл Оспанова да жалақы бойынша берешек бар екенін айтты. Ал Айжамал Сүлейменованың сөзінше, мұғалімдер оқу процесі тоқтап қалмауы үшін қосымша міндеттерді де атқарған.

«Мектепте техникалық қызметкерлер жетіспегендіктен, кей жұмыстарды өзіміз атқардық. Қосымша сабақтар өткіздік. Бірақ қараша айынан бергі жалақымызды да, еңбек демалысына тиесілі төлемдерді де ала алмадық», — деді ол.

Мұғалімдердің айтуынша, қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Қызметкерлер мектеп басшылығынан еңбекақы бойынша берешекті толық өтеуді, еңбек демалысы төлемдерін төлеуді және әлеуметтік аударымдарды заң талаптарына сай жүргізуді талап етіп отыр.

Қызылорда облысының білім басқармасы мұғалімдердің жалақы ала алмай жүргені туралы жарияланымнан кейін «Amanat school» жеке мектебіне қатысты ресми түсініктеме берді.

Басқарманың мәліметінше, мектеп 2025 жылдың 1-8 желтоқсаны аралығында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру конкурсына қатысу үшін өтініш тапсырған. Алайда өтініш бірқатар талаптардың орындалмауына байланысты кері қайтарылған. «Amanat school» жеке мектебі 2025 жылдың 1-8 желтоқсан аралығындағы мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі конкурсқа өтініш берген.

«Алайда, мектептің террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортының жоқ болуы, өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит қорытындысының талапқа сай рәсімделмеуі және заңды тұлғалардың мүлкіне салынатын салық, жер салығы бойынша берешегінің қалыптасуы себепті өтініші кері қайтарылған. 2026 жылдың 19-25 ақпан аралығындағы конкурсқа белгісіз себептерге байланысты өтініш бермеген. Аталған себептерге сәйкес, 2025-2026 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс алмаған. Мемлекеттік тапсырыс алмайтын жекеменшік мектептер еңбек шарттарына сәйкес жалақылары құрылтайшылардың қаражаты есебінен төленуі қажет. Қаржы төленбеген жағдайда құзырлы органдарға еңбек қатынастары бойынша жүгінуге болатындығын назарларыңызға саламыз», — деп мәлімдеді білім басқармасы.

Qaz365.kz редакциясы мектеп директорына хабарласты. 

«Сот процесі жүріп жатыр. Сот процесінің жауапкершілігін қызметкерлер де, өздеріңіз де білетін боларсыздар. Сот шешімі әлі шыққан жоқ. Мүлде жалақы алмау мәселесі жоқ. Шама-шарқымыз келгенше оқытушыларға берілді. Оқытушылардың төлемақысы алынды. Ол кісілер медиацияға келіспеді. Соттың тәртібімен аламыз деп отыр», — деді директор.

Барлық жаңалықтар