"Үнсіз қалуымның себебі" деген Аша Матай шулы мәлімдеме жасап, басы пәлеге қалды

"Үнсіз қалуымның себебі" деген Аша Матай шулы мәлімдеме жасап, басы пәлеге қалды

Әнші Аша Матай Ұлттық құрылтай депутаттығына сайлау науқанына байланысты неге үнсіз жүргенін түсіндіріп, ашық жазба жариялады. Көп ұзамай жазбаның астында әріптесі Қайрат Ахметовтың ағалық ақылы пайда болды. Желіде Ашаның жазбасына қатысты тағы қызу пікір жазу басталды деп жазады Democrat.kz.

Аша Матай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілік күткен жазбасын жариялады.

"Көпшілік менің осы уақытқа дейін неге ашық сөйлемегенімді түсінбеген болар.. Себебі заң бәріне бірдей. Ұлттық құрылтай депутаттығына кандидаттар тіркеліп жатқан кезеңде сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге болмайды. 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ге дейін кандидаттарды қолдауға немесе қолдамауға шақыратын үндеулер жасауға заңмен тыйым салынады", - деп жазды ол.

Әншінің айтуынша, енді заңды үгіт-насихат кезеңі басталғандықтан, ол өз ойын ашық айта алатынын жеткізді. Ол 23 шілде сағат 18:00-ден 22 тамызға дейін үгіт жүргізуге болатынын, ал 22 тамыз тыныштық күні екенін еске салды.

Ашаның бұл жазбасы жариялана сала, пікірлердің астында шоу-бизнес өкілдерінің өздері пікірталас бастап кетті.

Солардың ішінде ең көп талқыланғаны - әнші Қайрат Ахметовтың пікірі.

"Аша қарындасым, айналайын сен өз сойылыңды соғып, шоу бизнесіңде жүре берсейші. Қайтесіңдер Тамара екеуің елге масқара болып?! Оқып отырған шығарсыңдар халықтың 90% қарсы. Өз сүйкіміңді жоғалтып алма! Мен сенің өнеріңді жоғары бағалаймын. Бірақ саясат сенің басар алаңың емес! Өз дара жолыңды, сара жолыңды таңдауда адаспа! Саясаттың адамы болу абырой емес! Қолыңнан келетін шаруаға ұмтыл. Саясат - үлкен алаң. Сен оған баруыңа әлі ерте. Саяси біліміңді толықтыр. Арзан атаққа беріліп, абыройыңды төгіп алма. Ағалық ақылым", - деп жазды Қайрат Ахметов.

Желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі "Қайрат аға дұрыс айтты, әнші өз ісімен айналысу керек" десе, екіншісі "Әр азаматтың сайлауға түсуге құқы бар, неге шектейсіздер" деп Ашаны жақтап жатыр.

Айта кетейік, соңғы күндері Ұлттық құрылтайға шоу-бизнес өкілдерінің жаппай түсіп жатқаны қоғамда қызу талқыланып жатыр. Халықтың басым бөлігі "сахнада жүргендер саясатқа араласпауы керек" деген ұстанымда.

 

Барлық жаңалықтар