"Үш таңдауым ғана болды" деген Сұлтан Сәрсемәлиев тағы бір сұмдығын айтты

"Үш таңдауым ғана болды" деген Сұлтан Сәрсемәлиев тағы бір сұмдығын айтты

Атырауда Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесінде оның жұбайының ата-анасы — Насип пен Максотты өлтіру туралы егжей-тегжейлі айғақтары оқылып, бейнежазбасы көрсетілді деп жазады Democrat.kz.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айының басында Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған. Айыпталушының айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы балалары мен отбасылық келіспеушіліктерге байланысты жұбайының туыстарымен жанжалдасып жүрген.

Сәрсемалиевтің көрсетуінше, 2 қарашаға қараған түні ол әйелі мен балаларын ертіп Жангелдинге келген. 3 қараша күні таңғы сағат 07:00 шамасында жұбайының ата-анасы мал шаруасымен айналысу үшін сыртқа шыққанда, ол да ерте оянып, олардың арасында тағы да жанжал туындаған.

Айыпталушының сөзінше, енесі Насип балаларды өздерінде қалдыруды талап етіп, бұл жолы Ақбаянның онымен бірге қалаға қайтпайтынын айтқан. Кейін әңгімеге қайын атасы Максот қосылған.

Сәрсемалиев сотта сол сәтте оның алдында үш таңдау тұрғанын айтқан: өзіне қол жұмсау, балаларын тастап кету немесе жұбайының ата-анасын өлтіру. Жауап беру кезінде ол көзіне жас алып, анасы оның өлімін көтере алмайтынын, ал балаларын бәрібір жұбайының туыстары алып кететінін айтқан. Сондықтан кісі өлтіруге бел буғанын жеткізген. Оның сөзінше, егер өзі түрмеге қамалса, балалар анасының қолында қалады.

Осыдан кейін айыпталушы асүй пышағын алып, қораға кірген енесінің соңынан барған. Сол жерде ол әйелге шабуыл жасап, мойны мен кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұққан. Жарақат салдарынан Насип жерге құлаған.

Содан кейін, айыпталушының нұсқасы бойынша, қораға Максот келген. Сәрсемалиев оның ішке кіруін күтіп, оған да пышақпен шабуыл жасап, мойны мен кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Оның айтуынша, шабуылдан кейін жәбірленушілерге қайта қарамастан, қорадан шығып кеткен.

Кісі өлтіргеннен кейін ол үйге оралып, отбасымен бірге ештеңе болмағандай жүрген. Кейін түн түскен соң қылмыстың ізін жасыруға кіріскен.

Соттағы айғақтарына сәйкес, түн ортасында ол қайтадан қораға барып, мәйіттерді жасыратын орын іздеген. Алғашында оларды далаға апарып көміп тастауды ойлағанымен, көлік шамдары мен көршілерден қауіптеніп, бұл ойынан бас тартқан. Содан соң марқұмдарды қораның ішіне жерлеуге шешім қабылдаған.

Айыпталушы күрек алып, бетон қабаты жұмсақтау жерді таңдап, еденді қаза бастаған. Іс материалдарына сәйкес, ол шамамен түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін, яғни алты сағат бойы шұңқыр қазған.

Алдымен шұңқырға Максоттың денесін, кейін оның үстіне Насиптің денесін орналастырған.

Келесі күні, 4 қарашада, ол қылмыстың іздерін толық жасыру үшін қайта оралған. Өз сөзінше, артық топырақты бірнеше рет қаптарға салып сыртқа шығарған, кейін жерленген орынды кілеммен, линолеуммен және қара пленкамен жауып, үстіне ескі диван қойған. Сондай-ақ қанды жуып, қораны тазалап шыққан.

Осыдан кейін, іс материалдарына сәйкес, ол такси шақырып, Ақбаянды, Мирамгүлді және олардың үш жасар баласын ертіп қалаға кеткен. Оларға ата-аналарының қалаға алдын ала кетіп қалғанын айтқан.

Аталған іс бойынша сот процесі жалғасуда.

Барлық жаңалықтар