«Ұшақтың бағасымен теңесті»: Пойыз билеттерінің бағасы қызу талқыға түсті

«Ұшақтың бағасымен теңесті»: Пойыз билеттерінің бағасы қызу талқыға түсті

Қазақстанда пойыз билеттерінің қымбаттауы қайта талқылауға түсті. Кей бағыттарда теміржол бағасы ұшақ билетімен шамалас болып қалған, деп жазады Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.

Үкіметтегі брифингте журналистер «Қазақстан темір жолы» басшылығынан билет құны неге өсіп жатқанын сұрады. Мысал ретінде Атырау мен Астана арасындағы купе вагонының бағасы айтылды. Қазір бұл бағытта билет шамамен 35 мың теңге тұрады. Былтырғы бағамен салыстырғанда 10 мың теңгеге қымбат.

ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов пойыз бен ұшақ билетін тікелей салыстыру әрдайым дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, теміржол мен авиацияда баға қалыптастыру жүйесі екі түрлі.

ҚТЖ өкілінің айтуынша, пойыз билеттерінің бағасы жыл бойы бір деңгейде сақталады. Ол маусымға, мереке күндеріне, тәулік уақытына немесе сұраныс көлеміне қарай өзгермейді. Егер билет 35 мың теңге болса, осы баға қаңтардан желтоқсанға дейін қолданылады.

Ануар Ахметжанов 2026 жылғы 1 сәуірден бастап теміржол билеттері 7 пайызға индекстелгенін айтты. Оның сөзінше, жыл сайынғы индексация Көлік министрлігімен жасалған шартқа сәйкес жүргізіледі.

ҚТЖ бұл өсім ресми инфляция деңгейінен төмен екенін алға тартады. Компания өкілінің айтуынша, былтыр инфляция 12 пайыздан асқан, ал теміржол билеті 7 пайызға ғана қымбаттаған.

Сонымен қатар ол әуе билеттерінің бағасы динамикалық жүйемен есептелетінін еске салды. Ұшақ билеті маусымға, сатып алу уақытына және сұранысқа қарай өзгеріп отырады.

Сұраныс төмен кезеңде ұшақ билеті пойыз бағасымен теңесуі немесе одан да арзан болуы мүмкін. Бірақ мереке күндері, жазғы маусымда және сұраныс артқан кезде әуе билеттері 70, 80, тіпті 100 мың теңгеге дейін барады.

ҚТЖ өкілдері сондықтан бір күндегі арзан әуе билетін жыл бойы тұрақты сақталатын теміржол тарифімен салыстыру дұрыс емес деп есептейді. Олардың айтуынша, объективті баға беру үшін жылдық орташа көрсеткіштерді қарау қажет.

Компания көп жағдайда әуе билеті теміржол билетінен қымбат болып қала беретінін мәлімдеп отыр.

Дегенмен жолаушылар үшін мәселенің есебі бөлек. Алыс бағыттарға қатынайтын азаматтар үшін 35 мың теңгелік билет елеулі шығынға айналған. Әсіресе бір отбасы бірнеше адам болып сапарға шықса, пойыздың өзі арзан көлік деген түсінік әлсірей бастайды.

Нарықтағы басты сұрақ та осы. Теміржол бұрын әлеуметтік қолжетімді көлік саналды. Қазір кей бағыттарда оның бағасы ұшақпен бәсекелес деңгейге жақындап келеді.

ҚТЖ бағаның тұрақты екенін, маусым сайын құбылмайтынын және индексацияның инфляциядан төмен болғанын айтады. Бірақ қарапайым жолаушы үшін негізгі өлшем басқа. Ол билеттің қалай есептелгенін емес, қалтасынан қанша ақша шығатынын көреді.

Барлық жаңалықтар