"Ұстаз атанған діңкештерді соттау керек!" деген журналист үндеу жасады

"Ұстаз атанған діңкештерді соттау керек!" деген журналист үндеу жасады
Танымал журналист Қанат Ескендір қоғамда қаптаған діңкештерге қатысты мәселе көтеріп, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"ҰСТАЗ" АТАЛЫП ЖҮРГЕН ДІҢКЕШТЕР СОТТАЛУЫ КЕРЕК!
Қазақта "молда" деген бар, ол үлкен мәртебелі сипат. Көршілес өзбек-қырғызда да, әрідегі шешен-әзірбайжанда да "молла" десең - халқы бүк түсіп, жолына құлайды...
 
Қазір, Құдай өзі кешірсін, аталарымыз ұстанған Исламда жоқ нәрсені "таза дін" деп ұсынатын "Ұстаз" деген таза надандар көбейді.
 
Әрісі - немереңмен жасты, берісі - балаңмен жасты түк көрмеген түбіт сақал бір найсап "Ұстаз" боп мешіттің төрінде, Тик-Токтың көгінде уағыз соғатын болды.
Әй, Халқым!
 
Естеріңді жиыңдар! Әсіресе, билік басында жүрген дені дұрыс кісілер - ояныңдар! Мына "Ұстаздар" біз секілді қарапайымның емес, сендер секілді бай-манаптың ұл-қызын аңдып жүр. Тура есірткі сататын әккі алаяқ секілді...
 
30 жылдық журналистік қызметімде діни сектаға басымен кіріп кеткен - бұрынғы министрдің бала-шағасын, бүгінгі шенеуніктің жақын-жуығын, өз күшімен көтерілген бизнесмендерді, байығысы келетін ортақол кәсіпкерлерді көп көрдім.
 
Оның сыртында - ісі жүрмеген, әкімшілік ресурстан жапа шеккен, кәсібін біреу тартып алған, қоғамнан қағажау көрген, тағысын-тағы көптеген контингент Діни секталардың алдау-арбауына шырмалып, таза құл болған жағдайын көптеп кездестірдім.
 
Осыдан кейін "Ел болайықшы" деп айту, былайша айтқанда, таза - күнәһарлық уә ұлтшылдық екеніне көз жеткіздім.
... . ...
Қазір Діни Басқарманың да Қазақстандағы діни ахуалға мұршасы келмей қалды ма деп ойлап қоямын. Абыройы әбден түскен осы отандық Діни басқармамыз надан "Ұстаздарға" тыйым салмаса, арғы жағында Мемлекеттік Үлкен Билік осылай тапсырма беріп отыр деп еріксіз қабылдауымыз керек!
... . ...
Егер сіздерге Ислам діні ретінде айтылып жүрген миға сыйымсыз ертегі мен Қазақ ұлтын жоюға негізделген жалған "шариғат" құнды болса....үндемеңіздер!
 
Мен, әлхәмдүлилләһ, мұсылманмын! Мен - қаптап кеткен сектант-ұстаздардың баршасына қарсымын! Оларды Қазақ Қоғамынан қуып шығып, тамыр жайғызбауға бейілмін!
 
Ата-бабам шынайы дінде мүсілім болған, нағыз Исламды ұстанған...қазіргі дін мен үшін өте сауатсыз һәм надани тұрпат! Мен бұлардың дінсымағына ұрпағымды қоспаймын!" Деп жазды Іскендір молланың немересі, журналист Қанат ЕСКЕНДІР.
Барлық жаңалықтар