Вице-президентке нақты қандай міндеттер жүктеледі, қалай сайланады?

Вице-президентке нақты қандай міндеттер жүктеледі, қалай сайланады?

Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа аясында вице-президенттің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындау ұсынылып отыр, деп жазады Democrat.kz. сайты Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеп.

«Вице-президентті тағайындау президенттің ұсынысы бойынша Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен келісім алу арқылы жүзеге асырылады. Вице-президентті қызметтен босату президенттің өкілеттігіне жатады», – деді Конституциялық комиссия мүшесі, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев. 

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді, сондай-ақ Мемлекет басшысының атынан Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Сонымен қатар вице-президент президент атынан Қазақстанның және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми әрі мәдени-ағартушылық ұйымдарымен байланыс орнататын болады. Оның өзге де өкілеттіктерін президент өзі айқындайды.

Вице-президент институтын енгізуге байланысты Конституциядан мемлекеттік кеңесшіге қатысты нормаларды алып тастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы лауазымға үміткерге қойылатын талаптарды конституциялық деңгейде бекіту ұсынылады.

Атап айтқанда, вице-президент өкілді органның депутаты болмауы, өзге де ақы төленетін қызмет атқармауы немесе кәсіпкерлікпен айналыспауы тиіс. Өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде ол саяси партияның мүшесі болмауы қажет.

Ержан Жиенбаевтың атап өтуінше, мұндай тәсіл саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай қамтамасыз етуге бағытталған саясатқа толық сәйкес келеді.

Барлық жаңалықтар