Украиналық дрондардың Ресейдегі ең ірі Wildberries маркетплейсінің екі логистикалық орталығына жасаған соққысынан сатушылар миллиардтаған шығынға ұшырауы мүмкін деп жазады Democrat.kz. сайты BBC.com-ға сілтеме жасап.
Шабуылдар салдарынан сегіз адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Wildberries компаниясының басшысы Татьяна Ким өрт кезінде жойылған тауарлардың иелеріне өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқанымен, әзірге нақты кепілдік бермеген.
Украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары сенбіге қараған түні Мәскеу облысының шығысындағы Электросталь қаласы мен Тамбов облысындағы екі логистикалық орталыққа шабуыл жасаған.
Тамбов облысының губернаторы Евгений Первышевтің мәліметінше, қоймадағы шабуылдан жеті адам қаза тапқан. Ал Электростальдағы қоймада жараланған қызметкерлердің бірі ауруханада көз жұмған. Биліктің хабарлауынша, екі өңірде түрлі дәрежеде жарақат алғандар саны 80-нен асқан.
Евгений Первышев бұл шабуылды бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған «жоспарланған террористік акт» деп атады. Ресей Сыртқы істер министрлігінің «Киев режимінің қылмыстары жөніндегі» арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Родион Мирошник те Украина әскері азаматтық нысанды әдейі нысанаға алды деп мәлімдеп, маңайда ешқандай әскери нысан болмағанын айтты.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл жасалған нысандар санкцияға ілінген дрондарға арналған бөлшектер мен навигациялық жабдықтарды жеткізу үшін пайдаланылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл соққылар Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына жауап ретінде жүзеге асырылған.
Wildberries платформасында сауыт кеудешелер, талшықты-оптикалық кабельдер, FPV-дрондарға арналған тастау құрылғылары және әскери мақсатта қолданылуы мүмкін басқа да тауарлар сатылатыны байқалады.
Сонымен қатар Электростальға жақын орналасқан Ногинск қаласындағы мұнай базасы да соққыға ұшырады. Өрттен кейін аспанға бірнеше ондаған шақырымға созылған қалың түтін көтерілген. Мәскеу облысындағы өрт сенбі күні түске дейін сөндіріліп жатқан.
«Бұл біздің компаниямыз үшін де, еліміз үшін де қорқынышты түн, сұмдық оқиғалар болды. Бұл – сөзбен жеткізу мүмкін емес қайғы. Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп пікір білдірді Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким өзінің Telegram-арнасында.
Кейінірек Ким компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына 2 миллион рубльден, ал ауыр жарақат алғандарға 1 миллион рубльден өтемақы төлейтінін хабарлады.
Екі қоймадағы қирау көлемі мен тауар шығыны әзірге бағаланған жоқ. Шабуылға ұшыраған нысандар – Wildberries компаниясының ең ірі әрі ең заманауи логистикалық орталықтары. Бұл қоймаларға кейін сатып алушыларға жөнелтілуі үшін Ресейдегі мыңдаған сатушы компаниялардың тауарлары жеткізіледі.