Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттағы негізгі даулы тұстардың бірі – білім беру жүйесін қайтадан аудан деңгейіне беру мәселесі деп жазады Democrat.kz.
Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл ұсынысқа қарсы екенін ашық білдіріп, оның себептерін де жіктеп айтып берді.
Бүгінде еліміздің мектептерінде 4 миллион бала білім алып жатыр. Олар бұл заңға қарсы пікір білдіре алмайды, бірақ олардың тағдыры осы залда қабылданатын шешімге байланысты. Біз шын мәнінде не ұсынып отырмыз? Мектептерді қайтадан аудан әкімдіктеріне беру,– деді депутат.
Асхат Аймағамбетов мектептердің бюджетін аудан әкімдігіне берумен олардың билігін арттыру мүмкін емесін алға тартты.
Егер әкімдіктерге нақты билік береміз десек, онда оны толыққанды беру керек. Мысалы, АҚШ-тағыдай салық жүйесін не құқықтық тәртіпті де соларға тапсырайық. Бірақ біз ондай қадамға барудан қорқамыз. Ал білім саласын оп-оңай бере салуға дайынбыз. Бұл – түсініксіз, – деді ол.
Депутат бұрынғы тәжірибеге сүйене отырып, аудандық басқару кезінде білім саласы көбіне екінші, тіпті соңғы кезекте қалып қойғанын еске салды.
2021 жылғы реформа алғаш рет жүйеге нақты бақылау енгізді. Осы арқылы ондаған жыл бойы жиналған проблемалар мен жемқорлық тәуекелдері анықталды. Ал қазір ұсынылып отырған өзгерістер бізді сол кезеңге қайта әкелуі мүмкін, – деді Аймағамбетов.
Оның сөзінше, реформаның нәтижесінде мұғалімдердің мәртебесі де айтарлықтай жақсарған. Бұрын педагогтер түрлі іс-шараларға жаппай тартылып келсе, кейінгі жылдары өз негізгі жұмысына – білім беруге басымдық бере бастаған.
Депутат толық орталықтандыру немесе толық жергіліктендірудің орнына аралас модельді қарастыруды ұсынды.
Яғни білім мазмұны, кадр саясаты, мектеп директорларын тағайындау, аттестация мен оқу бағдарламалары облыс деңгейінде қалуы тиіс. Ал әкімдіктер мектептің материалдық жағдайына – инфрақұрылым, жөндеу, коммуналдық мәселелерге жауап бергені жөн.
Сонымен қатар Аймағамбетов қоғамда тараған кейбір пікірлерге де тоқталды. Оның айтуынша, аудандық білім бөлімдері жойылған жоқ, олар жұмысын жалғастырып келеді. Тек олардың бағыныштылығы ғана өзгерген.
Бұрын білім бөлімдері аудан әкімдігіне қараса, қазір облыстық деңгейге өтті. Яғни олар жүйеден тыс қалған жоқ. Бұл – тек басқару вертикалін өзгерту, – деді депутат.
Аймағамбетовтің пікірінше, 30 жыл бойы қолданылған ескі модельге қайта оралу дұрыс шешім болмайды. Заң жобасы енді Мәжілісте екінші оқылымда қаралады.