Қазақстанда демалыс ақшасын кешіктірген жұмыс беруші қызметкерге өтемақы төлеуге міндетті. Бұл туралы заңгер Сабина Ахметова мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Заңгерге мектеп мұғалімі жүгініп, 1 маусымнан бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанын, алайда бүгінге дейін демалыс ақшасын алмағанын айтқан.
Оның сөзінше, кейбір әріптестеріне төлем жасалғанымен, өзіне ақша әлі түспеген. Ал өтемақы сұрағанда, мектеп басшылығы ондай төлем қарастырылмағанын жеткізген.
Алайда заңгер мұндай жауаптың заңға қайшы екенін айтты.
«Сізге негізгі төлеммен бірге өсімпұл да төленуі тиіс. "Өтемақы қарастырылмаған" деген уәждің заңды күші жоқ. Қазақстанда демалыс ақшасын кешіктірген жұмыс беруші қаржылық әрі әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – дейді Сабина Ахметова.
Заңгердің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабының 4-тармағына сәйкес, еңбек демалысына шығатын қызметкерге демалыс ақысы демалыс басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын төленуі қажет.
Яғни қызметкер 1 маусымнан бастап еңбек демалысына шықса, қаражат оған мамыр айының соңына дейін толық аударылуы тиіс.
Бұдан бөлек, Еңбек кодексінің 113-бабының 4-тармағында еңбекақы немесе өзге де төлемдер кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші негізгі қарызбен қатар әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті екені көрсетілген. Өсімпұл мөлшері Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесіне сәйкес есептеледі.
Сондықтан демалыс ақшасы уақытында төленбеген қызметкерлер заң бойынша тек өз ақшасын ғана емес, кешіктірілген әр күн үшін өтемақы талап етуге құқылы.