Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Парламент сенатының депутаттарына қатысты өз пікірін білдіріп, Ерлан Қариннің пікірін қолдайтынын білдірді деп жазады Democrat.kz.
"Қоғамда болашақ Құрылтай депутаттары қандай болуы керек, кім сайлануы мүмкін, қалай таңдалады деген талқылаулар жүріп жатыр.
Мысалы, ҚР Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай өте орынды пікір айтты.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Парламентке кейбір депутаттар тек көпшілікке танымалдығы арқылы сайланып келген.
Олар заң шығаратын маман емес, мемлекеттік басқару жүйесін, құқықтық нормаларды толық меңгермеген, құқықтық сауаттылығы төмен адамдар болған.
Немесе кейбіреулер депутаттық мандатты заң шығару үшін, халыққа қажетті мәселелерді көтеру үшін емес, басқа қызметке өтудің уақытша “креслосы” ретінде пайдаланған.
Олар көбінесе «Президент тізімімен» депутаттық мандат алатын. Қазіргі Сенатта да ондай депутаттар бар. Мысалы, Ассамблея өкілдері.
Сенатордың пікіріне толық келісемін: Құрылтай кәсіби депутаттардан құрылуы керек. Заң шығара алатын мамандар қажет. ЕНДІГІ ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ – ҚҰРЫЛТАЙДА ДЕПУТАТТАР ҚАЛАЙ САЙЛАНАДЫ? Бұл сұрақтарға Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Ерлан Қарин өз баяндамасында жауап берді" дейді Мұрат Әбенов.