Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты BAQ.KZ.-ке сілтеме жасап.
Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылғанын еске саламыз. Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған. Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған, - деп мәлімдеді ҚМА.
Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.
Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп ескертті Қаржылық мониторинг агенттігі.