Зейнеткер мектеп директорлары қашанғы омалып отыра береді?

Зейнеткер мектеп директорлары қашанғы омалып отыра береді?

Алматы мектептерінде зейнеткер-директорлар қаптап кетті. Неге? Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылдан бастап мектеп пен балабақшада сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын 4 немесе 7 жыл сайын ротациялау жөнінде арнайы бұйырық (№ 559) шығарған.

Сондай-ақ зейнет жасына жеткен мектеп директорымен бір жылға ғана еңбек келісімі жасалуы тиіс еді. Дегенмен, жергілікті білім басқармасы министірліктің нұсқауын көп жағдайда орындамайды.

Мен бұған дейін Шавкат Умаровтың Алматы қаласындағы А.Розыбакиев атындағы № 153 мектеп-гимназиясында (17 жыл), Бұлбұл Оспанбектің № 15 мектеп-гимназиясына (19 жыл) тапжылмай директор болып отырғанын жаздым (суреттері комментте).

Шавхат Умаров (1961ж) – зейнеткер, соған қарамай ол директор қызметінен кетіп, орынын жастарға бергісі келмейді, әлде Умаров сияқты зейнеткерлердің мектептерде мәңгі басшы болуына Алматы қаласының Білім басқармасында мүдделі біреу бар ма?.. Мұнда қандай гәп бар?

Осы сұрақтың жауабын табу үшін қала мектептеріндегі бірнеше директордың өмірбаянына үңілдім: Сабила Енсепбаева (1962 ж.т.- №82 мектеп), Шара Иманбекова (1964 ж.т.- №179 мектеп), Ардақ Смагулова (1963 ж.т. 2019 жылдап №8 мектеп-гимназия директоры), Кульбай Умешбаев (1959 ж.т. – 2016 жылдан №90 мектеп-лицей директоры), Эра Сейсебаева (1964 ж.т. -2017 жылдан № 135 мектеп директоры), Ұлжан Темірханова (1964 ж.т. – 2012 жылдан бастап №9 мектеп директоры), Умитжан Матакова (1961 ж.т- 2009 жылдан № 111 гимназия директоры), Бағила Әшімбаева (1963 ж.т. – 2013 жылдан Қ.А.Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназия директоры) және басқа да бір орында «отырып қалған» зейнеткер-директорлар бар екен. 

Қарап отырсам, 2022 жылдан бастап ротацияланбаған, бір орында отырып қалған мектеп директорларының көбі Наурызбай және Әуезов ауданында екен. Алматы қалалық Білім басқармасына былтыр бастық болып тағайындалған Сайран Сайфеденов Наурызбай және Әуезов аудандарында әкімнің орынбасары, басқарма бастығы сияқты лауазымды қызмет атқарыпты.

Тіпті, С.Сайфеденов Алматының екі ауданына да әкім болған (2016-2018; 2019-2023). Сондай-ақ, ол әр кезеңде қала әкімдігінде білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту секілді салада жетекші маман қызметін атқарыпты. Кейбір мектеп директорларының ротацияланбауы, зейнеткер директорларды қызметінен босату жұмысының жүрмей қалуының бір себебі Алматы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовпен байланысты сияқты... 

Алматының білім саласына жауапты тағы бір шенеунік – 2022 жылы қала әкімнің орынбасары болған Әсем Нүсіпова. Оның істемеген қызметі жоқ, бірақ көбіне білім беру, денсаулық сақтау саласының маңында жүреді.

Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімнің орынбасары (білім, денсаулық, т.б.) болып тұрғанда (2016-2019) Аягөздегі мүгедек балалар пансионатында 4 бала үлкен балалар тапынан болған зорлық зомбылықтан өлді. Кейбір мәліметте пансионаттағы ұзаққа созылған аштықтан бір баланың басына қан құйылып, үшеуі әлсіреп өлгені жазылды.

 Осындай қайғылы оқиға болса да сол кездегі облыс әкімнің орынбасары жуапкершілікке тартылмады. Керісінше, Әсем Нүсіпованың «айы оңынан туып», Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы, вице-министр лауызымын алып Астанаға кетті.

Содан, 2022 жылы Алматы әкімінің орынбасары болып осында келген. Ол мұнда да білім беру, денсаулық сақтау мәселесімен шұғылданады. Бірақ Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы Алматыда орындалмады.

 Қала мектептеріндегі директорлардың дер кезінде ротацияланбауына, зейнеткер-директорлардың жастарға орын бермей омалып отырып алуының бір себебі Әсем Нүсіповамен де байланысты сияқты... Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды осы жағдайды біле ме екен?!.

Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.

Барлық жаңалықтар