Зиратқа апарып қысым жасаған: Қоғам белсендісі абақтыда аштық жариялады

Зиратқа апарып қысым жасаған: Қоғам белсендісі абақтыда аштық жариялады

Аягөз әкімінің кадр саясатын сынаған белсенді абақтыда аштық жариялап жатыр. Ол атышулы Б.Нүкібаевтың (суретте) «Су» коммуналдық кәсіпорынын басқаруына қарсы болған.

Аягөздің қоғам белсендісі Азат Мустафинов 15 тәлікке абақтыға қамалды. Сондай-ақ, сот оны 8 жылға көлік айдау құқығынан айырды. Бұл оқиғаның төркіні мынада: 2024 жылдың соңында тағайындалған Аягөз ауданының әкімі Данияр Шакаримов «Су» коммуналдық кәсіпорынына Бауыржан Нүкібаевты бастық қылды. Б.Нүкібаев бұған дейін «Қазақстан теміржолына» (ҚТЖ) қарайтын Жамбыл стансасының жанармай резерві орталығына (ЖРО) бастық болу үшін Батыс ЖРО жетекшісі М.Баукешовке 50 мың доллар пара беру оқиғасына шатылған. Ол аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүріп те талай нәрсені бүлдірген. ҚТЖ-ға байланысты даулы іс қаралып жатқанда Б.Нүкібаев Аягөз «Су» коммуналдық кәсіпорыны директоры қызметіне өзінің кандидатурасын ұсынады. Ал әкімдік комиссиясы Б.Нүкібаевтың осы салада 5 жылдық еңбек өтілінің болмауына қарамай оны директор етіп тағайындауға рұқсат береді. Аудан әкімі Д.Шакаримовтың осындай өрескел кадр саясатына – Б.Нүкібаевтың «Су» кәсіпорнына директор болып тағайындалуына қарсы болған халық атынан қоғам белсендісі Азат Мустафинов облыс әкімі Берік Уәлиге және құқық қорғау органына шағымданады. Аудандық прокуратура 2025 жылдың 29 сәуірінде Б.Нүкібаевтың «Су» кәсіпорынына директор болып тағайындалуын заңсыз деп табады. Дегенмен, аудан әкімі Д.Шакаримов Б.Нүкібаевты «Су» кәсіпорыны директорының міндетін атқарушы етіп қалдырады. Ол кәсіпорынға бөлінген қаражатқа бірінші кезекті өз кабинетін ондаған млн теңгеге жөндетуді бастап кетеді. Ал өзінің үстінен арыз жазып мазасын кетіріп қоймаған белсендіге ашуланған Б.Нүкібаев «жүр, еркекше сөйлесейк» деп А.Мустафиновты машинасына салып алып, зират жаққа апарып қоқан-лоқы көрсетеді. Сонда да белсенді А.Мустафинов алған бетінен қайтпады, Аягөз әкімдігін сынауды тоқтатпады, облыс әкіміне шағымдануды күшейтті... 5 маусым күні қоғам белсендісі Азат Мустафинов машинасымен Аягөз қаласында келе жатып қызметтік полиция көлігін майка киген біреу айдап бара жатқанын байқап қалады. Белсенді әлгі адамды видеоға түсіріп артынан ілесіп әлдебір үйге дейін барады. Сол жерге тоқтаған кезде әлгі майка киген адам Азаттың телефонын күшпен тартып алады. Осы жағдай бойынша майкадағы адамға, ұялы телефонын тартып алу фактісі бойынша тиісті шара қолдану үшін, А.Мустафинов автокөлігіне мініп алып полиция бөліміне барып арыз түсірген. Алайда полиция қызметкерлері А.Мустафиновтың ұялы телефонын тартып алу фактісі бойынша тексеру жүргізудің орнына А.Мустафиновтың өзін дәрігерлік куәландырудан өткізу үшін Аягөз аудандық ауруханасына дедектетіп апарады. Бірінші, масаң күйін анықтау үшін оны алкотестен өткізген, алкотест ешқандай нәтиже бермеген соң, яғни оның сау болғанын көрсеткен соң, енді есірткілік масаң күйін тексереміз деп кіші дәретін өткізуді талап еткен. Алайда А.Мустафиновтың үш сағат бойы кіші дәреті шықпай қойған. Осы жағдайды полиция А.Мустафинов тексеруден өтуге әдейі қарсылық танытты деп, әкімшілік істі сотқа жолдады. 2025 жылдың 12 маусымында Аягөз аудандық сотының судьясы А.Ауғанбай Азат Мустафиновты 15 тәулікке қамауға және 8 жыл көлік басқару құқығынан айыруға шешім шығарды. Қазір қоғам белсендісі А.Мустафинов абақтыда жатыр, ол сот шешіміне қарсылық танытып аштық жариялады. Осы жағдайды Абай облысының әкімі Берік Уәли біле ме екен?!.. Ораз ӘЛІМБЕК, журналист. Фото автордың парақшасынан.    
Барлық жаңалықтар