Қазақстанда сынып жетекшісіне төленетін қосымша ақы мен оған жүктелген жауапкершіліктің арасындағы үлкен алшақтық қоғам талқысына шықты. Әлеуметтік желіде көтерілген мәселе мұғалімдердің еңбекақысын ғана емес, мектеп басшыларының жұмыс ұйымдастыру тәсілін де сынға алып отыр, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желі қолданушысы сынып жетекшілігінің нақты құнын есептеп, көпшілік назарын аударды. Оның келтірген дерегіне сәйкес, 5–11-сынып жетекшілеріне базалық лауазымдық айлықақының 60 пайызы, яғни шамамен 10 618 теңге қосымша ақы төленеді.
Автор 30 оқушысы бар сынып жетекшісінің аптасына атқаратын жұмысын шартты түрде есептеген. Сынып сағатына дайындық, ата-аналармен байланыс, оқушылардың үлгерімі мен тәртібін бақылау, жеке әңгімелесу, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға аптасына 8 сағат жұмсалса, бір айда шамамен 34,7 сағат шығады.
Осы есеп бойынша сынып жетекшісінің бір сағаттық қосымша еңбегіне небәрі 306 теңге тиеді.
Бірақ бұл ресми сағаттық тариф емес, сынып жетекшісінің нақты жұмыс көлемін көрсетуге арналған шартты есеп.
Мәселенің ең күрделі тұсы — сынып жетекшілерінің жүктемесі бірдей емес.
Мысалы, бір мұғалімге 18 оқушысы бар, тәртібі қалыптасқан сынып берілсе, екіншісіне 32 баласы бар, ата-аналар арасындағы келіспеушіліктері мен тәрбиелік мәселелері күрделі сынып тапсырылуы мүмкін. Алайда белгіленген қосымша ақы бұл айырмашылықты толық ескермейді.
Тағы бір маңызды мәселе — сынып жетекшісінің өз оқушыларымен өткізетін уақыты. Аптасына небәрі екі пәндік сабақ беретін мұғалімге 30 баланың үлгерімін, тәртібін, психологиялық жағдайын бақылау міндеті жүктелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда сынып жетекшісінен әр баланың мәселесін дер кезінде анықтауды талап ету қаншалықты орынды?
Автор мектептердегі есеп беру жүйесіне де назар аударған. Оның айтуынша, кейбір білім ордаларында өткізілген әр тәрбие сағатына фотосурет, әр әңгімелесуге есеп, әр іс-шараға қосымша құжат талап етіледі.
Ал мұндай құжаттардың көп болуы балалармен жүргізілген жұмыстың сапалы екенін дәлелдемейді.
Жазбада мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылған. Атап айтқанда, сынып жетекшісінің нақты жұмыс жүктемесіне талдау жүргізу, ата-аналармен байланыс тәртібін реттеу, қосымша ақы жүйесін қайта қарау, қажетсіз есептерді қысқарту және сынып жетекшілерін арнайы даярлау қажеттігі айтылған.
Автордың негізгі тұжырымы мынаған саяды: мемлекет ережелер мен кепілдіктерді белгілесе, мектеп директоры міндеттерді әділ бөліп, мұғалімге қолайлы жағдай жасауға тиіс.
Өйткені оқушының тәрбиесіне қатысты бүкіл жауапкершілік тек сынып жетекшісінің мойнына артылса, бұл жеке педагогтің емес, мектептегі басқару жүйесінің мәселесіне айналады.
Сынып жетекшісінен баланың тәртібін де, тәрбиесін де, қауіпсіздігін де, үлгерімін де қадағалауды талап етеміз. Ал оның осы міндеттерді орындауға қанша уақыты барын, еңбегінің қалай бағаланатынын кім есептеп отыр?
