Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман елді елең еткізетін мәлімдеме жасады

Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман елді елең еткізетін мәлімдеме жасады

 Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ретінде белгілі Айман жаңа жобасы туралы мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Айман әлеуметтік желілердегі жалған парақшалардың артында кім тұрғанын анықтауға көмектесетін арнайы платформа әзірлегенін хабарлады.

Оның айтуынша, бұл жобаны АҚШ-та тұратын қазақстандық досымен бірлесіп жүзеге асырған. Бастапқыда досы идеяны іске асыру үшін бір ай уақыт сұраған. Ал платформаның дайын болғанына екі айдан асқан.

«Бұл платформа әлеуметтік желіде жалған парақшамен біреуді қаралап, жала жауып жүргендерді анықтауға көмектеседі. Қызмет ретінде ұсынамыз. Біреу сізге жалған парақшадан жазып, қараласа, оның қай қалада тұратынын, электрондық поштасын, телефон нөмірін және басқа деректерін анықтап береміз. Содан кейін сол дәлелдермен сотқа жүгіне аласыз», – деп жазды Айман.

Оның сөзінше, мұндай қызметті атқаратын платформалар бұрыннан бар. Алайда оларды негізінен заң аясында жұмыс істейтін арнайы мамандар пайдалана алады. Ал Айман өзі қолға алған жобаны қарапайым адамдарға да қолжетімді сервис ретінде ұсынбақ.

Айман жаңа технологияның мүмкіндігіне сенімді екенін білдіріп, әлеуметтік желіде өзгелерге тіл тигізетін адамдарға ескерту жасады.

«Қазақтың білімді жігіттері жердің қай түкпірінде жүрсе де жетерлік. Адам ойлап тапқан нәрсені адам жасай алады. Сондықтан біреуге бірдеңе жазбас бұрын жақсылап ойланған жөн», – деді ол.

Дегенмен Айман мәлімдеген платформаның қандай технология арқылы жұмыс істейтіні, оның жалған аккаунт иесінің жеке деректерін қаншалықты дәл анықтай алатыны және мұндай ақпаратты жинаудың құқықтық негізі әзірге нақтыланбаған.

Сондай-ақ сервистің көпшілікке қашан ұсынылатыны және қызмет құны қанша болатыны айтылмады.

 

Барлық жаңалықтар