«Мұғалімдер сабақ беруді қойсын!»: Ұстаздың сөзі қызу талқыға түсті

«Мұғалімдер сабақ беруді қойсын!»: Ұстаздың сөзі қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде бір мұғалімнің жазған тосын пікірі қызу талқыға түсті. Ол педагогтердің күнделікті жұмысындағы қайшылықты әжуалап, жұртқа күтпеген ұсыныс айтты. Жазбаға пікір білдіргендер де мұғалімдердің қазіргі жағдайын ащы әзілмен сипаттады, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде мұғалімдердің есеп пен құжаттан көз ашпайтын жағдайын әжуалаған жазба жарияланды.

«Неге мұғалімдерден сабақ өтуді алып тастамайды? Басты міндетіміз – есеп тапсыруға кедергі келтіріп жатыр. Мұғалім сабақ беруі керек деген не сөз? Қосымша жұмыс қып бізге ұжас...» – деп жазды желі қолданушысы.

Әзіл түрінде айтылған бұл сөздің астарында педагогтердің көптен бері көтеріп жүрген мәселесі жатыр. Мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға білім беру. Алайда ұстаздар сабақ берумен қатар түрлі есеп дайындауға, құжат толтыруға, электронды платформаларға мәлімет енгізуге және тексерістерге әзірленуге уақыт жұмсайтынын жиі айтып жүр.

Жазба астында басқа қолданушылар да әжуалы пікірлер қалдырған.

«Сабақ дегенді қойса ғой! Оқушылар да есеп тапсыруға кедергі келтіріп жүр. Мұғалімнің негізгі міндеті – қағаз толтыру, платформаға мәлімет енгізу, есеп беру емес пе?! Сабақ беріп, негізгі жұмысымыздан алаңдатпаса екен!» – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Ал тағы бір қолданушы мұғалімдер мен дәрігерлердің қазіргі жағдайын салыстырып, бұрын қоғамдағы ең сыйлы мамандықтардың иелері бүгінде есеп тапсырумен әуре болып жүргенін айтты.

«Дәрігер мен мұғалімдер оңбады-ау. Не айлығы, не жұмысы мақтанарлықтай емес. Бұрын сыйлы маман иелері еді. Ал қазір есеп тапсырушы», – деп қынжылды ол.

Осы пікірлерден мұғалімдердің өз кәсібіне емес, сол кәсіпке қосымша жүктелген міндеттерге наразы екені байқалады.

Педагогтердің шағымдарына қарағанда, сабақ жоспарын әзірлеу, оқушылардың білімін бағалау, дәптер тексеру және ата-аналармен жұмыс істеу сияқты негізгі міндеттерге түрлі есептер мен тексерістер қосылып отыр.

Ең үлкен қайшылық та осында. Білім сапасын арттыруды талап ететін жүйе мұғалімнің сол сапалы білімді беруге жұмсайтын уақытын қысқартып жатқан жоқ па?

Әлеуметтік желідегі бұл жазбаның әзілге құрылуы да кездейсоқ емес. Ұстаздардың бір бөлігі күнделікті жұмысындағы қиындықты ашық наразылықпен жеткізсе, енді бірі ащы күлкі арқылы білдіріп жүр.

Ал «мұғалім сабақ беруді қойсын» деген мысқылдың астарында әлдеқайда маңызды сұрақ тұр: білім беру жүйесінде мұғалімнің негізгі жұмысы қайсы – бала оқыту ма, әлде есеп тапсыру ма?

Барлық жаңалықтар