Әлеуметтік желіде мұғалімнің баласы жариялаған жазба ұстаздардың отбасылық өміріне де әсер етіп жатқан ауыр мәселені көтерді. Ол педагогтердің бітпейтін құжат пен тексерістен әбден қажығанын айтып, жанайқайын жеткізді, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде өзін мұғалімнің баласы ретінде таныстырған қолданушы анасының күнделікті тіршілігін баяндап, Қазақстандағы педагогтердің жұмыс жағдайына наразылық білдірді.
«Қазақстанда мұғалім болу – таза азап жұмыс. Анам мұғалім. Бес күн үйдің бетін көрмейді. Үйге тек ұйықтап, тамақ ішу үшін келеді. Қатты шаршайды. Таңертең кеткеннен кешкі жетіде шығады мектептен. Сыныбы бар түстен кейін. Ендігі мәселе мақұл жұмыс уақыты жұмысымен. Үйге келгеннен кейін мыңқылбың қағаз жазады, бітпейтін не қағаз? Сұрасам, өзіміздің қағаздар ғой дейді. Бітпейді түнгі бір-екіге дейін отырады», – деп жазды ол.
Жазба авторы мұғалімдердің қағазбастылықтан арылмағанын, қайта жыл өткен сайын есеп пен құжаттың көбейіп бара жатқанын айтады.
Оның сөзінше, анасы түн ортасына дейін компьютер алдында отырып, келесі күні таңертең қайтадан мектепке асығады.
«Сонда ол мұғалім сапалы сабақ, білім бере ме оқушыға, әлде болмайтын қағаз толтыра ма? Жұмыстан кейін тағы жұмыс жасайтын мұғалімде сапалы білім беруге қайдан ресурс, энергия, құлшыныс қалады сосын? Жастардың мұғалімдіктен қашатынына несіне таңғаламыз?» – деп сұрақ қояды мұғалімнің баласы.
Ол педагогтердің күнделікті еңбегін бағалауға шақырып, артық құжаттарды қысқарту қажеттігін көтерген.
Жазбада мұғалімдерді қажытатын тағы бір мәселе – үздіксіз тексерістер екені айтылған.
«Сосын бітпейтін тексеріс апта сайын. Анау келе жатыр, мынау келе жатыр. Тексерістен көз ашпайды. Неге мұғалімдердің құтын қашыра бересіңдер? Не сұмдық апта сайын тексеру?» – деп ашынады автор.
Оның айтуынша, анасы кезекті кезекшілікке байланысты таңғы сағат 7:30-да мектепте болуы керек.
Бұл жазбаға пікір қалдырған басқа педагогтер де өздерінің жұмыс жағдайын баяндаған.
Бір мұғалім кешкі сағат тоғызда үйіне әрең жететінін, тамақ ішуге отырған сәтте әкімшіліктен жаңа кесте толтыру туралы тапсырма келетінін айтқан. Енді бірі күндіз мектепте сабақ беріп, кешке үй шаруасы мен отбасы қамына кірісетінін, ал түнде құжат дайындауға мәжбүр болатынын жеткізген.
Тағы бір қолданушы 27 жылдық еңбек өтілі бар анасының жас мамандарға көмектесіп, олардың жұмысын да реттейтінін жазған. Оның айтуынша, тәжірибелі ұстаздар өз міндетінен бөлек, әріптестеріне де қолдау көрсетіп жүр.
Ал кейбір пікір иелері бұрын да мұғалімдердің жұмысы жеңіл болмағанын еске салып, бүгінгі қиындықты тек құжатпен байланыстыру дұрыс емес екенін айтқан.
Дегенмен жазбадағы негізгі мәселе өзгермейді: мұғалім күндіз сабақ беріп, кешкі уақытын есепке арнаса, ертеңгі сабаққа қашан дайындалады?
Ең ауыр тұсы – мұғалімнің жұмыс жүктемесі тек өзінің емес, отбасының да өміріне әсер етіп отыр.
Педагогтердің артық есеп пен құжатқа қатысты шағымдары талай рет көтерілгенімен, әлеуметтік желідегі мұндай жазбалар мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Енді Оқу-ағарту министрлігіне қойылатын сұрақ біреу: мұғалімнің қағаз толтыруға емес, бала оқытуға уақыт табатын күні қашан келеді?