Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзғандарға қарсы жүргізілген тексеру барысында 15,8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Шетелдік жұмысшыларды заңсыз қабылдаған 10 кәсіпкерге қатысты қылмыстық тергеу басталған. Мыңдаған азамат елден шығарылуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда 5–16 қазан аралығында заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған республикалық іс-шара өткізілді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тексерулер нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам фактісі тіркелген.
Ел аумағында болу тәртібін бұзғаны үшін 7595 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 3899 адам анықталды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз тартқаны үшін 815 адамға қатысты шара қабылданған.
Шетел азаматтарының келгені туралы уақытылы хабарламаған 3533 жеке және заңды тұлға да жауапкершілікке тартылған.
Тексерулер барысында жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттері анықталды.
Шымкент қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген шамамен 40 шетелдік азамат тіркелген.
Осындай заңбұзушылықтар Алматыда және еліміздің бірнеше облысында анықталған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін екі немесе одан да көп рет бұзған 10 кәсіпкерге қатысты қылмыстық тергеу басталған.
Соттар көші-қон ережелерін бұзған азаматтарды Қазақстаннан шығару туралы 2243 шешім қабылдады.
236 адам мәжбүрлі түрде елден шығарылып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынған.
Тағы 2479 шетелдік азаматтың елде болу мерзімі қысқартылған.
Тексеру кезінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 адам анықталған.
Бұдан бөлек, өз елдерінің құқық қорғау органдары іздеу жариялаған 62 шетелдік ұсталған.
Министрлік заңсыз көші-қонға тек шетелдіктер емес, оларға рұқсатсыз жұмыс пен баспана ұйымдастыратын Қазақстан азаматтары да қатысуы мүмкін екенін ескертті.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге қатысты тексерулерді жалғастырады.