Маймыл шешегі қаупі: Қазақстан шекараларында санитариялық бақылау күшейтілді

Маймыл шешегі қаупі: Қазақстан шекараларында санитариялық бақылау күшейтілді

Әлемде маймыл шешегі ауруының таралуына байланысты Қазақстан мемлекеттік шекарадағы санитариялық бақылауды күшейтті. Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның елге әкеліну қаупін жоққа шығармайды. Алайда ведомство аурудың халық арасында кең таралу ықтималдығын төмен деп бағалап отыр, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің халықаралық таралуына байланысты қосымша алдын алу шараларын қабылдады.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік шекара арқылы өтетін бақылау бекеттерінде санитариялық-карантиндік тексерулер күшейтілген.

Әсіресе ауру жағдайлары тіркелген мемлекеттерден келетін жолаушыларға назар аударылады.

Мамандар халықаралық эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылап, Қазақстанға келетін азаматтар туралы ақпаратты талдап жатыр.

Шекарадағы санитариялық бақылау пункттері дене температурасын байланыссыз өлшейтін құралдармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар медициналық мекемелер мен зертханалардың инфекцияны уақытылы анықтауға дайындығы тексерілуде.

Министрлік күдікті жағдай анықталған кезде тиісті мемлекеттік органдардың бірлесіп әрекет ету алгоритмдері бекітілгенін хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, жүргізілген бақылау барысында аса қауіпті инфекцияларға күдік тудыратын науқастар анықталмаған.

Маймыл шешегі — MPXV вирусы қоздыратын жұқпалы ауру.

Ол негізінен инфекция жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде таралады.

Сонымен қатар вирус терідегі бөртпелермен, биологиялық сұйықтықтармен және ластанған тұрмыстық заттармен байланыс арқылы берілуі мүмкін.

Аурудың белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және терідегі бөртпелер жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға жеке гигиена ережелерін сақтауды және белгісіз тері бөртпелері бар адамдармен тығыз байланыстан аулақ болуды ұсынады.

Егер шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері пайда болса, медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге сапар бағыты туралы хабарлау қажет.

Министрлік Қазақстанда аурудың жаппай таралу қаупі төмен екенін атап өтті. Сондықтан қабылданған шаралар қазіргі уақытта негізінен алдын алу сипатында. 

 

Барлық жаңалықтар