Әлеуметтік желіде әйелдер отбасындағы жанжал кезінде бастарынан өткен адам сенгісіз оқиғаларды жаппай бөлісе бастады. Бірі күйеуін табамен ұрғанын, екіншісі пышақ ала жүгіргенін, үшіншісі жұбайының өзіне қол көтеруін осылай тоқтатқанын айтып жатыр. Күлкілі оқиға ретінде баяндалған әңгімелердің астарында отбасындағы зорлық-зомбылықтың қауіпті көріністері де бар, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде «Күйеулерімен шындап төбелескендер бар ма? Қол көтергенде қарап тұрмайтындар, қызық оқиғаларыңды жазыңдаршы» деген жазба қызу пікірталасқа ұласты.
Жазба астында әйелдер отбасылық жанжал кезіндегі әрекеттерін еш жасырмай айтып, бірі күлдірсе, енді бірі шошытатын жағдайларды баяндаған.
«Ұйықтап жатқан жерінен табамен ұрдым»
Пікір қалдырған әйелдердің бірі жаңа тұрмыс құрған кезде күйеуімен жиі жанжалдасқанын айтқан.
«Жаңадан үйленгенде ұрысамыз, қырыламыз. Ол мені ұрады. Мен де жауап беремін, бірақ таяқ жеп қаламын. Бірде күйеуім ұйықтап қалған кезде барып, басынан табамен ұрдым. Содан кейін қол көтерген емес», — деп жазған ол.
Тағы бір әйел күйеуінің өзіне қол жұмсаған кезіндегі әрекетін баяндаған.
«Күйеуім бетімнен бір тепкенде, орнымнан қалай атып тұрып, оны жұлқылап кеткенімді ұқпаймын», — дейді ол.
Ал басқа пікір иесі бұрын күйеуіне өзі де қол көтергенін, алайда соңғы жанжалдан кейін мұндай әрекетін тоқтатқанын жеткізген.
«Пышақ алып, артынан жүгірдім»
Талқылаудағы кейбір әңгімелер тіпті қауіпті.
«Бетімнен шапалақпен ұрғанда, асүйге барып, қолыма бірінші түскен шанышқыны алып, артынан жүгірдім», — деп жазған әйелдердің бірі.
Тағы бір қолданушы күйеуімен жанжал кезінде пышақ алып, артынан жүгіргенін айтса, енді бірі күйеуін қорқытпақ болғанын баяндаған.
«Пышақты алып, қолын жаралап жібердім. Қашып үлгерді», — деген пікір де кездеседі.
Кейбір әйелдер өздеріне көрсетілген күшке жауап ретінде ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар қолданғандарын айтқан.
Бұл оқиғалар әзіл мен күлкі араластырыла баяндалғанымен, олардың әрқайсысында адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер сипатталған.
«Терезені жұлып алып, күйеуімнің алдына лақтырдым»
Әлеуметтік желідегі әңгімелердің арасында жұртты таңғалдырған тағы бір оқиға бар.
Бір әйел күйеуімен жанжал кезінде үйдегі пластик терезені жұлып алып, оның алдына лақтырғанын жазған.
«Жас күнімде жолдасым екеуміз де қызуқанды едік. Бір күні қол көтеремін дегенде үйдегі пластик терезені жұлып алып, алдына лақтырдым. Көзі шығып кете жаздады. Содан кейін өмір бақи маған қарай қол сермемейтін болды», — дейді ол.
Басқа әйел бұрынғы жұбайымен жанжал кезінде оның қолын қағып жіберіп, саусағын сындырып алғанын айтқан.
Ал кейбір пікір иелері ер адамға күш көрсетуді бірінші болып бастамайтынын, бірақ өздеріне қол көтерген жағдайда үнсіз қалмайтынын жеткізген.
«Жығылып жатсам да, балақтан тістеймін. Қарап тұрмаймын. Анам мені псих дейді. Бірақ өмірге таяқ жеу үшін келген жоқпын», — деп жазған әйелдердің бірі.
Күлкіге айналған отбасылық жанжалдың артында не тұр?
Пікірлердің бір бөлігінде әйелдер бастарынан өткен жағдайларды әзілге айналдырып, күйеулерінің кейін өздеріне қол көтермей қойғанын айтқан.
Алайда кейбір жазбаларда жұбайлар арасындағы жанжалдың соққыға, қорқытуға және өткір заттарды қолдануға дейін жеткені баяндалады.
Әлеуметтік желідегі бұл оқиғалардың шынайылығы тәуелсіз тексерілген жоқ. Дегенмен олар қоғамдағы маңызды мәселені көрсетеді: отбасындағы күш қолдану кейде қорқынышты оқиға ретінде емес, қызық естелік немесе күлкілі жеңіс ретінде ұсынылады.