Әлемде мыс қымбаттап жатқанымен, оны балқытатын зауыттардың жағдайы мәз емес. Тіпті биыл мыс концентратын өңдеуге төленетін халықаралық ақы алғаш рет нөлге түсіп, кей келісімдерде теріс көрсеткішке жеткен. Осындай жағдайда Қазақстан мыс концентратын өңдеу құнын есептеудің жаңа тәртібін қабылдады. Экономист Юрий Масанов бұл шешімнің отандық металлургия үшін неге маңызды екенін Facebook парақшасында талдады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Экономистің жазуынша, Өнеркәсіп министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі қабылданғанын хабарлаған. Бұл шешім әлемдік мыс нарығында үлкен өзгерістер болып жатқан тұста қабылданып отыр.
Мәселе мыстың бағасында ғана емес. Қазір әлемде кен өндірушілер мен оны өңдейтін зауыттар арасындағы есеп айырысу тәртібі де өзгеруі мүмкін.
Мыс қымбат болса, зауыттар неге қиналып жатыр?
Масановтың түсіндіруінше, биыл мыс концентратын өңдеу үшін төленетін ақының жылдық бағдарлық мөлшері алғаш рет нөлге дейін төмендеген. Ал нарықтағы жедел келісімдер бойынша бұл көрсеткіш тіпті теріс мәнге өткен.
Бұл жерде бір жайтты түсіну маңызды. Өңдеу ақысының нөлге түсуі зауыттар мысты тегін балқытады деген сөз емес. Кәсіпорындар бұрынғыдай электр энергиясына, жұмысшылардың еңбекақысына, жабдықтарды күтіп ұстауға және басқа да өндірістік қажеттіліктерге қаржы жұмсайды. Тек концентратты өңдеуге байланысты халықаралық есеп айырысу шарттары өзгерген.
Сондықтан әлемдік нарық қатысушылары 2027 жылғы келісімшарттарда бағаны есептеудің индекстік және аралас тәсілдеріне көшуді талқылап жатыр.
Оның үстіне, мыстың алдағы бағасына қатысты болжамдар да бір-біріне қайшы.
Мәселен, экономист келтірген мәліметке сүйенсек, Швейцарияның UBS инвестициялық банкі әлемде мыс тапшылығы туындап, оның бағасы одан әрі өседі деп күтеді. Ал Халықаралық мыс зерттеу тобы 2027 жылы тазартылған мыс өндірісі сұраныстан асып түседі деп болжайды.
Нарықтағы қиындықтар кейбір шетелдік кәсіпорындарға қазірдің өзінде әсер ете бастаған.
Масановтың жазуынша, 19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы мыс концентратын өңдеу жағдайларының қолайсыздығына байланысты шикізат сатып алу мен өндіріс көлемін қайта қарауы мүмкін екенін хабарлаған.
Яғни мыстың бағасы жоғары болғанымен, оны өңдейтін кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне кепілдік жоқ.
Қазақстан қандай шешім қабылдады?
Осындай жағдайда Қазақстан мыс концентратын өңдеу құнын есептеудің өз әдістемесін енгізіп отыр.
Экономистің түсіндіруінше, жаңа тәртіп бойынша тарифті анықтағанда кәсіпорындардың экономикалық тұрғыдан негізделген шығындары, белгіленген пайда мөлшері және инвестицияға қажетті қаражат ескеріледі.
Сондай-ақ әдістеме жоспарланған шығындарды жабуды, есептің ашық әрі әділ болуын, барлық кәсіпорынға бірдей тәртіп қолданылуын және пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын көздейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, мыс балқытатын зауыттың күнделікті шығыны ғана емес, болашақта өндірісті жаңартуға жұмсайтын қаржысы да назарға алынбақ.
Масанов мұндай тәсіл кәсіпорындарға алдағы жұмысын жоспарлауға және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Қазақстанға халықаралық нарықтағы жағдай ірі өнеркәсіп жобалары жүзеге асқаннан әлдеқайда жылдам өзгеріп жатқан кезеңде өз металлургиясын дамытуға тура келеді», – деген пікір білдірді экономист.
Оның айтуынша, елдегі жұмыс істеп тұрған мыс зауыттары жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын салу жоспарда бар. Мұндай жобаларға жүздеген миллиард теңге жұмсалады, ал салынған қаржының қайтуы ондаған жылға созылуы мүмкін.
Сондықтан инвесторлар болашақта қандай шығын шығаратынын және қанша табыс таба алатынын алдын ала түсінуі керек.
Қазақстанда тағы екі мыс зауыты салынбақ
Экономист Қазақстанның мыс қоры мол болғанымен, ұзақ жылдар бойы кен өндіру көлемі оны өңдеу мүмкіндігінен әлдеқайда жылдам өскеніне назар аударды.
Енді осы айырмашылықты азайту көзделіп отыр.
Оның мәліметінше, Қазақстанда әрқайсысы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланған. Екеуінің жалпы жылдық қуаты 600 мың тоннаға жетпек.
Бұған қоса, қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Алайда экономист зауыт салу жоспарын жариялау жеткіліксіз екенін айтады. Оған қаржы салатын инвестор үшін өндірістің болашақтағы кірісі мен шығыны түсінікті болуы қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа әдістеме металлургияға жеке инвестиция тартуға жағдай жасауы мүмкін.
Бұл нарықтық бағадан бас тарту ма?
Юрий Масановтың пікірінше, жаңа ережені Қазақстанның әлемдік нарықтан оқшаулануы деп түсінуге болмайды.
Елдегі мыс концентратын өндірушілер де, оны өңдейтін зауыттар да халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді болып қала береді.
Бірақ әлемдегі өңдеу ақысы төмендеп кетті екен деп, Қазақстанның да өз өнеркәсібіне қатысты ұзақмерзімді жоспарларын сол көрсеткішпен ғана шектеуі дұрыс емес деп санайды экономист.
«Қазақстанға жұмыс істеп тұрған металлургиялық базаны сақтап қана қоймай, оны одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасау да қажет», – деп жазды Масанов.
Ол жаңа әдістемені уақытылы қабылданған әрі отандық металлургияны дамытуға бағытталған жүйелі қадам деп бағалады.
Экономистің пайымдауынша, Қазақстан енді жаңа өңдеу өндірістерін дамыту қажеттігін жылдар бойы талқылаудан нақты экономикалық жағдай қалыптастыруға көшіп жатыр.