2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты. Өсім бюджеттен тыс қаржы көздері мен шикізаттық емес сектордың есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар инвестиция құрылымы өңдеу өнеркәсібі мен жабдық сатып алуға қарай ауысып, экономиканы технологиялық жаңғыртуға негіз қалыптасты. Бұл туралы Halyk Finance аналитикалық орталығының шолуында айтылған деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның шикізаттық емес секторына бюджеттен тыс тартылған инвестициялар бір жылда 25%-ға өсті. Бюджет қаражаты мен жеке тұрғын үй құрылысшыларының салымдарын есепке алмағанда, инвестиция көлемі 17,4%-ға артқан. Бұл жеке және корпоративтік инвестициялық белсенділіктің жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Ең жоғары өсім өңдеу өнеркәсібінде тіркеліп, инвестициялар көлемі 40,1%-ға ұлғайды. Атап айтқанда, химия өндірісі, тамақ өнеркәсібі, электр жабдықтарын өндіру және металл емес минералдық өнімдер өндірісіне салынған қаражат айтарлықтай өскен. Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған барлық инвестицияның бестен бірінен астамы химия өндірісінің үлесіне тиесілі.
Электрмен жабдықтау саласына салынған инвестициялар 36,9%-ға, ақпарат және байланыс саласындағы инвестициялар 29,2%-ға артты. Құрылыстағы өсім 32%-ды құрады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 8,2% болған. Мұндай өсімге құрылыс жұмыстары көлемінің 11,5%-ға ұлғаюы ықпал еткен.
Жалпы инвестициялар көлеміндегі машиналар мен жабдықтарға жұмсалатын шығындардың үлесі 27%-дан 32%-ға дейін өсті. Жабдық сатып алуға бағытталған қаражат 22,9%-ға артқан. Ірі кәсіпорындарда жабдық сатып алу көлемі 25%-ға, орта кәсіпорындарда 53,6%-ға, ал шағын кәсіпорындарда 11,2%-ға ұлғайды. Сарапшылар мұны ірі жобалардың құрылыс кезеңінен жабдықтау кезеңіне өтуімен, сондай-ақ орта және ірі бизнестегі өндірістік машиналардың жаңартылуымен байланыстыруы мүмкін.
Инвестицияларды қаржыландырудағы банктік кредиттердің үлесі 2025 жылдың алғашқы тоғыз айындағы 3,7%-дан 2026 жылы 5,6%-ға дейін өсті. Бұл инвестициялық белсенділіктің оң динамикасын сақтап отырғанын көрсетеді.
Инвестициялардың салалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, энергетика және жабдықтарға бағытталған қаражат үлесінің артуы экономиканы технологиялық жаңғыртуға және оның өндірістік әлеуетін орта мерзімді перспективада кеңейтуге мүмкіндік береді.