Экс депутат Ынташ Наурыз өз парақшасында бір жақсы, бір жайсыз жаңалығымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"Соттан шықтым. Сотқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өзі әдеттегідей келмеді. Сотқа әкім "әкелікті тану" бойынша шағым түсірген болатын.
Мен осы сотта қарсы талап арыз жазып, "әкелікті тану", "алимент өндіру" және ұлымның "Наурыз" тегінде қалуын сұрадым.
Осыған дейін баланы біресе мойындап, біресе мойындамай, Нұрдәулет Қилыбай бізді әбден қинады. Ал енді сотта Нұрдәулет Қилыбайдың заңды өкілі "ДНҚ сараптамасының керегі жоқ, біз баланы мойындаймыз" деп, бірақ алиментті сотқа арыз түскен мерзімнен бастап төлеуді талап етуде.
Ер азамат ретінде, бала өсіріп отырған әке ретінде титтей намысы болса, "мен балама тегімді беремін, жауапкершілікті мойныма аламын" дер еді. Ал Маңғыстау облысын басқарып отырған Нұрдәулет Қилыбай баланың өзінікі екенін мойындағанымен, енді алимент мәселесімен келіспеймін деп бастады.
Өз баласына осындай қиянат жасаған адам, мені осылай шырылдатып, жылатып келген адамның халықты басқаруға қақысы жоқ" дейді Ынташ Наурыз.