Ақтөбе облысындағы шағын ауылда болған оқыс оқиға көптің көкейіне сауал ұялатты. Жоғары сынып оқушысының басынан өткен жағдайға байланысты анасы ауыл әкіміне ренішін білдірсе, шенеунік болған жайтты басқаша түсіндіреді, деп жазады Democrat.kz.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Құмтоғай ауылында 11-сынып оқушысы ауыл әкімінің үйінде ауыр жарақат алып, саусағының бір бөлігінен айырылды.
Оқиға 8 қазан күні кешке болған. Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Мұрат Санымбаевтың үйіне темір пеш жеткізілген. Оны көліктен түсіруге көмектескен оқушылардың бірі ауыр заттың астында қалып, қолын жарақаттаған.
Алайда бұл оқиғаның ең даулы тұсы баланың жарақат алуымен ғана шектелмейді.
Зардап шеккен жасөспірімнің анасы Гүлзира Өксікбаеваның айтуынша, ұлы әкімнің үйінің ауласында есінен танып қалған. Ал есін жиғанда өзін УАЗ көлігінің ішінен көрген.
Анасы баласының жарақат алғаны туралы бірден хабар алмағанын, оған қандай алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін де білмейтінін айтқан.
«Оған алғашқы көмекті қайда көрсетті, қандай екпе салды? Білмеймін. Маған ештеңе айтқан жоқ. Бәрін басқа біреулерден естідім. Балам әкімнің ауласында есінен танып қалған, ал УАЗ көлігінің ішінде есін жиған», – дейді ол.
Гүлзира Өксікбаева ауылда медициналық амбулатория бола тұра, баласының неге бірден сол жерге жеткізілмегеніне де наразы.
«Маған балам есін жиғаннан кейін ғана хабарласты. Барсам, ұлым әкімнің қызметтік УАЗ көлігінде отыр екен. Мүмкін, алғашқы көмекті сол жерде көрсеткен шығар. Бірақ ауылда амбулатория бар емес пе? Неге бәрін көліктің ішінде жасаған? Неге амбулаторияға апармаған?» – дейді анасы.
Ал ауыл әкімі Мұрат Санымбаев оқушының өз үйінің ауласында жарақат алғанын растағанымен, медициналық көмекке қатысты басқа мәлімет келтірген.
Оның айтуынша, жасөспірім әкімнің қолында тұратын інісінің баласымен бірге келген. Сол кезде үйге жеткізілген темір пешті түсіруге көмектескен.
Шенеунік оқиға орнына ауыл дәрігері шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеген. Кейін оқушыны інісінің көлігімен ауруханаға жеткізгенін айтқан.
Әкім алғашқы түсініктемесінде баланың саусағының ұшы тігіліп, жағдайы жақсы екенін жеткізген.
Алайда аудандық аурухана берген мәлімет жарақаттың әлдеқайда ауыр болғанын көрсетеді.
Медицина қызметкерлерінің хабарлауынша, баланың тырнағы жұлынып, саусағы қатты зақымданған. Рентгенологиялық тексеруден кейін дәрігерлер хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Нәтижесінде оқушының зақымданған саусағы бірінші буын деңгейінде ампутацияланған.
Осылайша әкімнің үйіне ауыр пешті түсіруге көмектескен жасөспірім саусағының бір бөлігінен айырылды.
Оқиғадан мектеп басшылығы да бірден хабардар болмаған.
Мектеп директорының мәліметінше, оқушы жарақатты сабақтан тыс уақытта алған. Келесі күні бала сабаққа келмеген соң, мектеп қызметкерлері ата-анасымен байланысып, болған жағдайды білген.
Ал зардап шеккен баланың анасы ауыл әкімінің оқиғадан кейінгі әрекетіне де реніш білдірген.
«Қазір қалада жүрмін, баламның қолына тағатын бандаж сатып алып жатырмын. Әкім баламның жағдайын бір рет те сұраған жоқ», – дейді Гүлзира Өксікбаева.
Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Мұрат Санымбаев бұл қызметті 2023 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді. Бұған дейін ветеринария саласында ұзақ жыл еңбек еткен.
Ауыл әкімі оқушының жарақат алғанын растағанымен, оның анасы көтерген медициналық көмек көрсету тәртібі мен баланың жағдайына байланысты шағымдары толық шешімін тапқаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.
Бұл оқиғаға қатысты бірнеше мәселе әзірге ашық қалып отыр: кәмелетке толмаған оқушының ауыр пешті түсіруге қалай тартылғаны, жарақаттан кейінгі алғашқы минуттарда нақты қандай көмек көрсетілгені және баланың денсаулығына келген зиян үшін жауапкершілік мәселесі қалай қаралатыны белгісіз.