Алматы әуежайына $670 млн несие беріледі

Алматы әуежайына $670 млн несие беріледі

Алматы халықаралық әуежайын дамыту үшін халықаралық банктер мен қаржы институттары жалпы көлемі 670 млн доллар болатын синдикатталған несие бермек. Қаражат ішкі терминалды жаңартуға, аэродром инфрақұрылымын және жүк терминалын кеңейтуге жұмсалады, деп жазады Democrat.kz.

29 қыркүйекте Еуразиялық даму банкі Алматы әуежайын қаржыландыратын халықаралық кредиторлар тобына қосылғанын хабарлады.

Жалпы қаржыландыру көлемі 670 млн долларды құрайды. Оның 100 млн долларын Еуразиялық даму банкі береді.

Синдикатталған несиені Bank of America ұйымдастырып отыр. Бұған дейін Тюрк инвестициялық қоры да пакетке 20 млн долларға дейін қаражат салатынын хабарлаған.

Ақша ішкі рейстер терминалын жаңғыртуға, аэродром инфрақұрылымын жетілдіруге, ұшақтарды мұздан тазартатын нысандар салуға және жүк терминалын кеңейтуге жұмсалады.

Жоба халықаралық және ішкі терминалдар арасындағы байланысты жақсартып, жүк өңдеу мен перрондағы операцияларды жылдамдатуы тиіс.

Алматы әуежайы 2025 жылы 12 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Орта есеппен әуежай арқылы тәулігіне 32 мыңнан астам адам өтеді. 

Барлық жаңалықтар