Мұғалімдердің кәсіби мәселелерін талқылап, білім сапасын арттыруға тиіс педагогикалық кеңестердің кейбір мектептерде ұстаздарды көпшілік алдында кемсітетін, айыптайтын жиынға айналғаны туралы шағымдар көбейіп келеді. Әлеуметтік желіде жарияланған бір жазбаға үн қосқан педагогтер педкеңестен кейінгі жан күйзелісін, әкімшіліктің дөрекі сөздері мен еңбектерінің бағаланбайтынын ашық айта бастады, деп жазады Democrat.kz.
Педагогикалық кеңес – мұғалімдердің кәсіби пікір алмасатын, оқу-тәрбие жұмысының нәтижесін саралайтын, мектептегі мәселелерді бірлесіп шешетін алқалы орган. Кем дегенде, оның міндеті осындай.
Ал кейбір қазақстандық мектептерде бұл жиынның сипаты мүлде басқаша қалыптасқанға ұқсайды.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған бір ғана жазба педагогикалық кеңестердің көлеңкелі тұсын көпшілік талқысына шығарды.
«Педкеңес – сынып жетекшілер мен пән мұғалімдерінің “арамтамақ” екенін тағы бір рет еске түсіру», – деп жазды желі қолданушысы.
Қысқа ғана сөйлем. Бірақ осы жазбаның астына жиналған пікірлер мектеп ішіндегі қордаланған мәселенің әлдеқайда тереңде жатқанын байқатады.
«Жеп жүрген наныңнан безініп шығасың»
Педагогтердің бірі бұл сөздің өз мектебіндегі жағдайға да дәл келетінін айтады.
«Дәл осылай өтеді біздің де педсовет. Өзіңді нағыз арамтамақ сезініп, жеп жүрген наныңнан безініп шығасың педсоветтен», – деп жазған ол.
Мұғалімнің осы сөзіне назар аударайық.
Адам өзінің адал еңбегімен тауып жүрген нанынан безінетіндей не естуі керек? Оған қандай сөз айтылып, қандай қарым-қатынас көрсетілуі мүмкін?
Мұғалім күн сайын сабақ береді, ондаған оқушымен жұмыс істейді, дәптер тексереді, жоспар дайындайды, ата-анамен байланысады. Осы еңбектің барлығы педагогикалық кеңесте бір сәтте жоққа шығарылып, оның орнына тек кемшілік пен айыптау айтылса, мұндай жиынның кәсіби тұрғыдан қандай пайдасы бар?
Тағы бір пікірде педкеңесте айтылатын сөздердің сипаты мысқылмен жеткізілген.
«Жалпы әріптестер, астарыңызды адалынан ішсеңіздерші! Деп бастайды или аяқтайды», – дейді жазба авторларының бірі.
Бұдан шығатын мәселе – мұғалімнің кәсіби қызметін бағалау мен оның адамдық қадір-қасиетіне тіл тигізудің арасына шек қойыла бермейтіні.
Педкеңес пе, көпшілік алдында жазалау ма?
Талқылауға қатысқан педагогтердің бірі мектеп әкімшілігі кейбір мәселелерді бүкіл ұжымның алдында қозғаудың орнына, мұғаліммен жеке сөйлесуі керектігін жазған.
«Өз басым оны білікті маман ретінде басқа мамандарға тіл тигізу, жеке өту деп білемін. Олай бүкіл мұғалімдердік алдында қорлауға, тіл тигізуге ешкімнің хақы жоқ. Қандайда бір мәселе болса, жеке шақырып кабинетте отырып айтуға, ескертуге болады. Осы системадан шаршадым. Бұл күлкілі емес, жылайтын нәрсе», – деп ашынады ол.
Шынында, педагогикалық кеңестің мәні неде?
Мұғалімнің жұмысындағы кемшілікті талдауда ма, әлде оны әріптестерінің алдында ұялтып, беделін түсіруде ме?
Екеуі – екі бөлек нәрсе.
Оқу сапасына қатысты талап қою – мектеп басшылығының міндеті. Бірақ талап қою құқығы педагогтің ар-намысын қорлауға құқық бермейді.
Әсіресе бір мұғалімнің кәсіби кемшілігін талқылау сылтауымен бүкіл ұжымға «арамтамақ», «жұмыс істемейсіңдер» деген сипаттағы жалпылама айыптау айтылса, бұл мектептегі басқару мәдениетінің күрделі мәселесін көрсетеді.
«Рақмет» деген сөзді есту соншалықты қиын ба?
Желіде пікір қалдырған тағы бір педагог мүлде қарапайым мәселені көтерген.
«Педкеңесте «Мұғалімдер, есепсіз еңбектеріңіз үшін рақмет!» деп айтатын әкімшілікті көрмедім.
Мұғалімге үнемі ескерту мен талап қоя бермей, кейде еңбегін бағалап, жылы сөз бен шынайы алғыс айтса ғой. Кейде бір ауыз «рақметтің» өзі талай мұғалімге қанат бітіреді.
Мұғалім тек талап пен ескертуге емес, құрмет пен алғысқа да лайық!» – дейді ол.
Бұл пікірде білім беру саласына тән маңызды қайшылық жатыр.
Мұғалімнен баланы ынталандыру, қолдау, тұлғалық ерекшелігін құрметтеу, жағымды психологиялық орта қалыптастыру талап етіледі.
Ал осы қағидалар мұғалімнің өзіне келгенде неге ұмытылады?
Оқушыны көпшілік алдында кемсітуге болмайтынын білетін мектеп әкімшілігі неге дәл сол әрекетті мұғалімге қатысты қалыпты басқару тәсіліне айналдыруы керек?
Мұғалімге мейірім мен түсіністік танытпаған ортадан балаға ізгі қарым-қатынас талап ету қаншалықты қисынды?
«Өздері бір рет болса ашық сабақ беріп көрмеген»
Педагогтер мектеп әкімшілігінің кәсіби талап қоюдағы ұстанымына да күмән келтірген.
«Тағы сабақтарына көреміз деп күштенетін завучтар, өздері бір ретте болса ашық сабақ беріп көрмеген», – дейді пікір қалдырғандардың бірі.
Ал басқа қолданушы:
«Ашық сабақ былай тұрсын, өздерінің сабақтарын береме?» – деп сұрайды.
Әрине, мектеп басшылығының сабаққа қатысуы, оқу үдерісін бақылауы – заңды басқару қызметінің бір бөлігі. Бірақ мұндай бақылаудың мақсаты мұғалімнің осал тұсын іздеп, көпшілік алдында беделін түсіру болмауға тиіс.
Бақылаудан кейін әдістемелік көмек, нақты ұсыныс, кәсіби қолдау көрсетілуі қажет.
Егер тексеру тек мін іздеумен және педкеңесте кінә тағумен аяқталса, оның білім сапасын жақсартуға қосатын үлесі күмәнді.
Дегенмен пікірлердің бәрі бірдей емес. Бір педагог өз мектебіндегі директордың ешкімді атымен атап, көпшілік алдында кемсітпейтінін, ортақ мәселелерді ғана талқылайтынын жазған.
Бұл – барлық мектептегі ахуал бірдей емес екенін көрсететін маңызды жайт. Демек, мәселе педагогикалық кеңестің өзінде ғана емес, оны жүргізетін басшылардың басқару мәдениетінде де жатыр.
Мұғалімнің қадір-қасиетін кім қорғайды?
Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңында педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына кепілдік берілген.
Мектеп басшылығы оқу сапасын талап етуге, қызметкердің жұмысын бағалауға, кәсіби кемшіліктерін көрсетуге құқылы.
Бірақ мұндай өкілеттік педагогті қорлау немесе психологиялық қысым көрсету құқығын білдірмейді.
Педагогикалық кеңесте мұғалімнің кемшілігін дәлелмен, кәсіби әдеп шеңберінде талқылау мен оны көпшілік алдында кемсіту арасында елеулі айырмашылық бар.
Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желідегі пікірлер бірнеше маңызды сұрақ туғызады.
Мектептерде педагогикалық кеңестердің өткізілу мәдениеті кімнің бақылауында? Мұғалімге көпшілік алдында тіл тигізілген жағдайда, ол кімге шағымдана алады? Ең бастысы, педагогикалық әдеп тек мұғалімге ғана міндетті ме, әлде мектеп директоры мен оның орынбасарларына да бірдей қатысты ма?
Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлік білім басқармалары назар аударғаны жөн.
Өйткені педагогикалық кеңес – директордың ашуын шығаратын, орынбасарлардың билігін көрсететін немесе мұғалімге өзін кінәлі сезіндіретін жиын емес.
Ол – мектептің кәсіби дамуына қызмет ететін алқалы орган.
Мұғалімнің еңбегін бағаламай, әр жиында оның кемшілігін тізіп, ар-намысына тиетін сөздер айтылатын ортада кәсіби ынта мен өзара сенімнің әлсіреуі заңды.
Ең қауіптісі – педагогтің педкеңестен кейін өз жұмысына деген құлшынысын жоғалтуы. Себебі ұстаздың ішкі күйзелісі мектеп есігінің сыртында қалып қоймайды. Оның салдары білім беру үдерісіне де әсер етуі мүмкін.
Сондықтан еліміздегі педагогикалық кеңестердің өткізілу тәртібіне ғана емес, ондағы қарым-қатынас мәдениетіне де назар аударатын уақыт жетті.
Мұғалімнен құрмет талап еткен басшы алдымен мұғалімді өзі құрметтеуі керек.
Ал педагогикалық кеңестен мұғалім «арамтамақ» сезініп емес, еңбегі бағаланған, пікірі ескерілген, кәсіби тұрғыдан қолдау тапқан маман ретінде шығуға тиіс.