Танымал айтыскер, марқұм Оразалы Досбосыновтың қызы Нұр-Айша марқұм шешесіне қатысты айтылған пікірге жауап беріп, өкпе-ренішін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Марқұм Оразалы Досбосыновтың қызы Нұр-Айшаға ТкТок әлеуметтік желісін қолданушы "Оразға мәңгі адал боламын деп Ажар кейін өзінен жасы кіші жігітке күйеуге шықты" деген пікір жазыпты. Осыған байланысты Нұр-Айша: "Шешем жесір қалғанда өте жас еді.
Екі баласына әкенің орнына әке, шешенің орнына шеше болу 27 жасар қызға оңай емес. Басына түскен ауыртпалықты жалғыз көтеру шешеме өте қиын болды. 6 жасар менің өзім анама "әке керек" дегенмін. Анамның ол кісімен некесі жаман болмады. Ол кісіден бауырымыз бар.
Жас жігітке тисе де, кәрі кісіге тисе де, әйтеуір қазақтың сөзі бітпейді. Өлген кісінің артынан жаман сөз айтуды қояйықшы. Анамның басындағы қиындықты оның өмірін сүрмеген адам түсінбейді", - деді.
Мұнан бөлек, ол: "Үйдегі дастарқан басында үнемі әкеміздің суреті қатар тұратын. Әр аста бір шыны аяқ шәй артық құйылатын... Бұл анамыздың өмірлік жарына деген өшпес махаббаты. Әкеміз өмірден өткенде, анамыз өзіне жар іздеп емес, бізге балаларына әке іздеп тұрмысқа шықты. Өз басының бақытынан бұрын, біздің амандығымыз бен болашағымызды жоғары қойды. Ғұмырының соңына дейін жүрегіндегі «Оразалысын» жоқтап, «сағындым сені» деп өтті... Ақыры сол сағынышына шыдай алмай, өзі де артынан кете барды. Мәңгілік мекенінде әкемізбен қайта қауышқан болар…", - деп жазды.