Елорда тұрғындарына бүгін қоғамдық орындарда тазалық сақтамағаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді деп жазады Democrat.kz.
Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен полиция өкілдері бірлескен рейд өткізді. Олар Кемал Ататүрік атындағы саябақта қала тұрғындарына арнайы жадынамалар таратты.
Таза ауада пикник ұйымдастыруды ұнататындар ерекше назарға алынды. Рейд ұйымдастырушылары азаматтарға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіріп, сондай-ақ жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде суға түсуге болмайтынын ескертті.
Ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Абзал Әбілдаев, Астана қаласы Байқоңыр ауданы Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары:
– Біз екі бап бойынша жауапкершілікке тартамыз. Олар – 505-бап және «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» жөніндегі 434-бап. 434-бап бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл, сондай-ақ қоғамдық жұмыстар қарастырылған.