Астанада балаларды Испаниядағы халықаралық футбол турниріне апаруға уәде берген ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол тоғыз адамнан 24 млн теңгеден астам ақша жинап, уәде етілген сапарды ұйымдастырмаған, деп жазады Democrat.kz.
Астана қаласының прокуратурасы балалар спортына байланысты жасалған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шыққанын хабарлады.
Тергеу және сот барысында анықталғандай, айыпталушы ата-аналарға балаларын Испанияда өтетін халықаралық футбол жарысына қатыстыру мүмкіндігін ұсынған.
Ол сапардың барлық шығыны алдын ала есептелгенін айтып, ата-аналардан ақша жинаған.
Төлем құрамына турнирге қатысу жарнасы, ұшақ билеттері, виза рәсімдеу, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындары енгізілген.
Алайда ер адам алған міндеттемелерін орындамаған.
Жиналған ақшаны өзінің қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Нәтижесінде тоғыз жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 24 млн теңгеден асты.
Сот ер адамды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жыл екі ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар сотталған азаматтан жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Прокуратура ата-аналарды балалардың шетелдегі жарыстарға қатысуын ұйымдастыратын тұлғаларды мұқият тексеруге шақырды.
Мамандар ірі көлемдегі төлем жасамас бұрын турнирге ресми шақыру, ұйымдастырушымен жасалған келісім, билет және қонақүй броні сияқты құжаттардың бар екеніне көз жеткізу қажет екенін ескертеді.