Балқаш жағалауында Металлургтер күні дүркіреп өтті

Балқаш жағалауында Металлургтер күні дүркіреп өтті

17 шілде күні Балқаш көлінің жағалауы мыңдаған тұрғын мен қала қонағын жинаған үлкен мерекелік алаңға айналды. Металлургтер күніне орай мұнда ауқымды Metallurg Fest фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды DEMOCRAT ақпараттық агенттігі.

Кештің ең жарқын сәттерінің бірі – «Ирина Кайратовна» тобының концерті болды. Сондай-ақ сахна төрінде Болат Құсайынов, Жанар Дұғалова және әйгілі «Ялла» ансамблі өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік бағдарламаны Timur Teams және IL’HAN бастап берді. Балқаш мыс қорыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаев та ERS & Adilzhanym сахналық есімімен көрермен алдына шықты. Олар металлургтердің еңбегі мен өміріне арналған әндерін орындап, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Ал CrossFire тобы ұлттық элементтер мен заманауи хореографияны үйлестірген «Салтанат» жарық шоуын ұсынды.

Фестиваль тек концерттік бағдарламамен шектелген жоқ. Жағалауда балаларға арналған алаңдар мен түрлі интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Қонақтар металлургтердің еңбегі мен «Қазақмыс» тарихына арналған ортақ арт-панно жасауға да атсалысты.

Кеш жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек көрермендермен еркін форматта байланыс орнатып, мереке барысында қоршаған ортаны қорғау және жағалауда тазалық сақтау қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.

Балқаш үшін Металлургтер күнінің маңызы айрықша. Қаланың қалыптасуы мен дамуы металлургия өндірісімен тікелей байланысты болғандықтан, бұл мереке салада еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің белгісіне айналған.

Мыңдаған адам қатысқан Metallurg Fest мерекелік отшашумен түйінделді. Іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті құқық қорғау органдары қамтамасыз етсе, концерт аяқталғаннан кейін коммуналдық қызмет мамандары мен ерікті тұрғындар жағалау аумағын тазалауға кірісті.

Барлық жаңалықтар