Белгілі продюсер Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлі концерттік және гастрольдік қызметін толықтай тоқтататынын ресми түрде жариялады. Хитменнің бұдан былай сахнаға шығуына тыйым салынды деп хабарлайды Democrat. kz. сайты Курсив-Медиа басылымына сілтеме жасап.
Павлодардағы жанжал және тоқтатылған тур
Оқиғаның ушығуына әншінің Павлодар қаласындағы ипподромның ресми ашылуына келмей, өз міндеттемелерін орындамауы себеп болған.
Бұл жағдайдан кейін продюсерлік орталық шұғыл шешім қабылдап, Алматыдағы қала күніне арналған концерттерді және күзде өтуі тиіс халықаралық турды қоса алғанда, барлық жоспарланған шаралардан бас тартты.
Продюсер Жан Мұқанов қалыптасқан жағдайға байланысты былай деді:
«Бүгіннен бастап әртіс Төреғали Төреәлі өзінің концерттік және гастрольдік қызметін тоқтатады. Арнайы өкім шыққанға дейін ол концерттерде, жеке іс-шараларда және басқа да алаңдарда өнер көрсетпейді».
Сонымен қатар, продюсер Павлодар облысы мен қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Алтынбек Рахметов, сондай-ақ Шымкент пен Талдықорғандағы ұйымдастырушылар мен көрермендерден келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Қазіргі уақытта команда шығынды өтеу бойынша ұйымдастырушылармен жеке тәртіпте жұмыс істеуді бастап кеткен.
Келісімшарт бойынша «Төреғали Төреәлі» брендін пайдалану құқығы толығымен продюсерлік орталықтың бақылауында қалады.
Жоспарланған іс-шаралар бойынша барлық міндеттемелер толық шешілмейінше, бұл құқықтарды әншінің өзіне қайтару мәселесі мүлдем қаралмайды.
Жан Мұқанов әншінің бұл әрекетіне қынжылыс білдіріп, өз сөзінде:
«Соңғы бір жылда үлкен жұмыс атқарылды. Өкінішке орай, бүгінгі жағдай адамға тек өзі ғана көмектесе алатынын тағы да көрсетті. Төреғалиға бұл қиын кезеңнен өту үшін денсаулық, күш-қуат және даналық тілеймін», — деп ағынан жарылды.
Шымкенттегі заңсыз концерт
Продюсер сөзінің соңында Шымкент қаласында өткен концертке қатысты да шикіліктің бетін ашты. Оның айтуынша, Шымкенттің орталық алаңындағы шара продюсерлік орталықпен келісілмеген және рұқсатсыз өткен.
Мемлекеттік органдардың бұл шараға қалай рұқсат бергені продюсерге беймәлім. Бүгінгі мәлімдеме тек үзілген жеке іс-шара мен орындалмаған міндеттемелерге ғана қатысты екені нақтыланды.
Бұған дейін Төреғали Төреәлінің басы тағы да дауға қалған. Алматының Орталық стадионында өткен «Қайрат» пен «Қызылжар» кездесуінің үзілісінде алаңға шыққан өнерпаздың қылығы жанкүйерлер мен желі қолданушыларының ашуын туғызған