"Білім басқармасындағылар қазақ тілі пәнін менсінбей ме, әлде мазақ етіп отыр ма?"дейді Айман Сағидулла

"Білім басқармасындағылар қазақ тілі пәнін менсінбей ме, әлде мазақ етіп отыр ма?"дейді Айман Сағидулла

Белсенді педагог Айман Сағидулла өзі білім беретін мектептегі қазақ тілі пәні кабинетіне қатысты тағы бір масқара жайтты айтты деп жазады Democrat.kz.

Еске салып өтейік, осыдан біраз уақыт бұрын Айман Сағидулла Алматы облысы, Қарасай ауданындағы өзі жұмыс істеп жүрген мектепте қазақ тілінің арнайы кабинеті жоғын, әр босаған кабинеттер арасында оқушылармен бірге сабылып, көшіп жүретінін айтып, министрліктен көмек сұрағанын Democrat.kz. жазған болатын.

Арада біраз уақыт өткенде, Қарасай аудандық Білім бөлімі интерактивті тақта жолдап,  қазақ тілінен сабақ өтетін кабинет мәселесін шешетін ыңғай танытқан болатын. Өкінішке қарай....

Осы мәселеге қайта оралған Айман Сағидулла: "Өткенде қазақ тілі кабинетінің жағдайын жазып едім. Министрден көмек сұрағанмын. 
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованы және Алматы Облысының Білім Басқармасын әлеуметтік желіде белгілеген едім.  

Қарасай Ауданының Білім Басқармасы мына парталарды қазақ тілі кабинетіне жіберіпті. 
Алматы облысы Білім басқармасының  10 жаңа  парта алып беруге шамасы жетпеді ме? Қарасай ауданында  10 партаға жететін ақша жоқ па? 
Бұл не? Мазақ ету ме? 

Парта үшін, бір кабинет үшін министрді белгілегенім намыстарыңа тимей ме? 

Екі жыл жүгіріп жүріп қазақ тілі кабинетін әрең алдық. Ол кабинетке сабақ кестесін қойдық. 
Ескі интерактивті тақта беріп еді, соған қуанып ,сабақ өтуге кезекте тұрамыз. Аптада 8 сағатым ғана сол кабинетте өтеді. 
Оған да шүкір! 

Перде мен парта керек енді. 
Өзге ұлт балалары оқитын мектептің қазақ тілі кабинеті жанып тұруы керек қой. 

Қарасай Ауданының Білім Бөлімі ! Мына парталарыңызды алып кетіңіздер . 
Мен кабинетке кіргізген жоқпын. 
Мені мазақ етсеңіздер де қазақ тілін  мазақ етпеңіздер. 
Кейбіреулер сыныптарға камера қойып, мұғалімді бақылағылары келеді. Біз парта мен жай ағаш тақтаға жарымай жүрміз"деп жазып, "мазақы парталардың" видеосын жариялады. 

Барлық жаңалықтар