Білім сапасы "нөл": Көбейту кестесін білмейтін 15-16 жастағы оқушылар бар

Білім сапасы "нөл": Көбейту кестесін білмейтін 15-16 жастағы оқушылар бар

Әлеуметтік желіде мұғалімдердің «10-сынып оқушысы көбейту кестесін білмейді», «8-сыныпта көбейтуді қайта үйретіп жүрмін» деген жазбалары қызу талқыланып жатыр. Бұл – жекелеген пікір ғана емес: ресми мониторинг те қазақстандық оқушылардың базалық математикалық және оқу дағдыларында елеулі олқылық барын көрсетеді. Ал мұғалімдер сабақтан бөлек есеп пен құжатқа уақыт кететінін айтып келеді. Қағаздағы көрсеткіш пен баланың нақты білімі арасындағы алшақтық білім жүйесінің ең ауыр мәселесіне айналып бара жатқандай, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желідегі пікірталас бір мұғалімнің жазбасынан басталған. Ол жаңа мектепке ауысқаннан кейін 10-сыныптағы 16 оқушының 13-інен көбейту кестесін сұрап, кейін олардың сегізі оны толық білмейтінін анықтағанын жазған.

Мәселе бір сыныппен шектелмейтінін басқа педагогтердің пікірлері де аңғартады.

«Маған 11-сыныпта оқитын, бірақ көбейту кестесін білмейтін оқушы физика-математика таңдап келді», – дейді бір мұғалім.

Тағы бір ұстаз 8-сынып оқушыларына көбейтуді қайта үйретуге мәжбүр болғанын жазса, бастауышпен жұмыс істейтін педагогтердің бірі 3-сынып оқушысының 10 көлеміндегі қосу мен азайтуды меңгермегенін айтады.

Бұлар – әлеуметтік желідегі жеке тәжірибелер. Оларды бүкіл Қазақстан мектебіне бірдей телуге болмайды. Бірақ ресми деректер де проблеманың бар екенін көрсетеді.

2025 жылғы Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторингінде математикалық сауаттылықтың орташа нәтижесі небәрі 52,9 пайыз болған. Ресми талдауда бұл көрсеткіш «әрбір екінші оқушының мемлекеттік стандартқа сай тапсырмаларды орындай алмайтынын» көрсететіні жазылған. Әсіресе күрделі алгебра, статистика, геометриялық ойлау мен математикалық модельдеу бойынша нәтижелер төмен.

Халықаралық PISA-2022 зерттеуінде де Қазақстан ЭЫДҰ орташа көрсеткішінен барлық үш бағыт бойынша төмен нәтиже көрсетті. 15 жастағы оқушылардың тек 50 пайызы математикадан, 36 пайызы оқудан, 55 пайызы жаратылыстанудан ең төменгі функционалдық деңгейге жете алған. Яғни оқу сауаттылығы бойынша шамамен әр үш оқушының екеуі базалық деңгейден төмен қалған.

Ұзақ мерзімді динамика да алаңдатады. OECD дерегіне сәйкес, 2012–2022 жылдары Қазақстанда төмен нәтиже көрсететін оқушылардың үлесі математика мен оқудан шамамен 7 пайыздық тармаққа көбейген.

Осы тұста мұғалімдердің екінші шағымы шығады – есеп.

Пікірлердің бірінде: «Білім сапасы "нөл" болды. Отчет сұрауды қою керек шығар», – делінген. Басқа мұғалімдер сабақ жоспары, мониторинг, талдау, электронды жүйелер мен әкімшілік есептің көбейіп кеткенін айтып келеді.

Ресми тәртіп бойынша педагог жүргізуге міндетті құжаттардың нақты тізімі №130 бұйрықпен бекітілген. Мектеп электрондық жүйеге қосылған жағдайда сол құжаттың қағаз нұсқасын қайта талап етуге болмайды.

Яғни заңнаманың мақсаты – мұғалімді артық қағаздан босату. Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлер мектеп ішіндегі тәжірибе әрдайым бұл қағидаға сәйкес келе бермейтінін аңғартады.

Мәселенің түйіні де осында болуы мүмкін: жүйе мұғалімнен жоспардың орындалғанын, мониторингтің өткізілгенін, есептің тапсырылғанын сұрайды. Бірақ сол сыныптағы баланың көбейту кестесін шынымен білетін-білмейтіні кейде екінші қатарға ығысып қалады.

ҰБТ кезінде математика, физика, химия және бірқатар пәндер бойынша бағдарламалық калькулятор пайдалануға ресми түрде рұқсат берілген. Алайда калькулятордың өзі білім сапасының төмендеуіне себеп болды деуге негіз жоқ. Негізгі мәселе әлдеқайда терең: бала бастауыштағы базалық дағдыны меңгермей келесі сыныпқа қалай өтіп кетіп жатыр?

Осы жерде білім жүйесіне ең қарапайым сұрақ қойылуы керек.

Мектептің басты нәтижесі – толтырылған есеп пе, жақсы көрсеткіш пе, әлде есепсіз-ақ көбейтіп, оқығанын түсініп, ойын жеткізе алатын бала ма?

Егер 10-сыныпта мұғалім көбейту кестесін қайта үйретуге мәжбүр болса, онда мәселені сол мұғалімнен емес, баланы тоғыз жыл бойы келесі сыныпқа өткізіп келген жүйеден іздеу керек.

Барлық жаңалықтар