Астанада мектепке шабуыл жасалатыны туралы анонимді ақпарат тарап, полиция тексеру жүргізді. Құқық қорғау органдары балаларға нақты қауіп болмағанын мәлімдегенімен, мұндай хабарламалардың оқушылар мен ата-аналарды дүрліктіруі мектеп қауіпсіздігі мәселесін қайта көтеріп отыр. Астанада Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебіне шабуыл жасалатыны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тараған, деп жазады Democrat.kz.
Астана полициясы күмәнді жазбаларды әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықтап, тиісті тексеру шараларын жүргізген.
Полицияның мәліметінше, балаларға шабуыл жасалады деген ақпарат расталмаған.
Қазір құқық қорғау органдары бұл ақпаратты кімдердің таратқанын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға берілмек. Полиция тұрғындарды сабыр сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Астана қаласының білім басқармасы елордадағы мектептердің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын және алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлаған.
Алайда ақпараттың жалған болып шығуы мәселені толық жаппайды. Мектепке шабуыл туралы бір ғана анонимді хабарлама жүздеген ата-ана мен баланы үрейлендіруі мүмкін.
Мұндай жағдайда білім беру ұйымдарының әрекет алгоритмі қандай? Қауіп туралы хабар түскен сәттен бастап ата-анаға ақпарат қанша уақытта берілуі керек? Балаларды эвакуациялау, мектепке кіруді шектеу және полициямен байланыс орнату тәртібі барлық мектепте бірдей жұмыс істей ме?
Анонимді «қоқан-лоқы» жалған болуы мүмкін. Бірақ мектеп қауіпсіздігі жалған қауіпке де дайын болуы тиіс.