«БЖБ-ны алып тастап, орнына квест енгіздік пе?»: Бастауыштағы жаңа бағалау мұғалімдерді шошытты

«БЖБ-ны алып тастап, орнына квест енгіздік пе?»: Бастауыштағы жаңа бағалау мұғалімдерді шошытты

Бастауыш сыныптардан БЖБ алынып тасталғанымен, оның орнына ұсынылған бағалау тапсырмалары мұғалімдер арасында қызу пікірталас туғызды. Бір тапсырмада бала мәтінді оқып-түсініп, сұрақ құрастырып, жауап беріп, тақырыбын анықтап, жоспар жасап, мазмұндама жазып, қатесін түзетуге тиіс. Екінші тапсырмада диктанттың 7 балының екеуі каллиграфияға беріледі. «Бастауыш сынып па, әлде жас мамандарды аттестаттау ма?» деп сауал қойған ұстаз жаңа жүйенің балаға түсетін салмағын сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Бастауыш сыныптағы БЖБ-ның алынып тасталуы мұғалімдер мен ата-аналардың бір бөлігінде бағалау жүктемесі жеңілдейді деген үміт туғызған еді. Алайда алғашқы тапсырмалар жариялана бастағаннан кейін әлеуметтік желіде мүлде басқа пікір айтыла бастады.

Білікті педагог Гүлжазира Бекболатқызы жаңа бағалау тапсырмаларының бірнешеуін жариялап, олардың мазмұны мен балаға қойылатын талаптарға назар аударды.

Ұстаздың көрсетуінше, тапсырмалардың бірінде бастауыш сынып оқушысы мәтінді жай оқып немесе мазмұнын айтып берумен шектелмейді.

Бала:

мәтінді түсінуге;

мәтін мазмұны бойынша сұрақ құрастыруға;

сол сұрақтарға жауап беруге;

мәтіннің тақырыбын анықтауға;

оның құрылымын сақтауға;

жоспар құруға;

мазмұндама жазуға;

жіберген қатесін тауып, түзетуге тиіс.

Мұғалім жариялаған бағалау парағында бұл жұмыстардың жиынтық көрсеткіші 16 балға дейін баратыны көрінеді.

Осыған байланысты ұстаз:

«Балаға БЖБ-ны алып тастадық. Бірақ оның орнына квест енгіздік. Бастауыш сынып па, әлде жас мамандарды аттестаттау ма?» – деп жазады.

Ол әсіресе бастауыш жастағы баладан бір тапсырма аясында бірнеше түрлі оқу әрекетін қатар талап етудің қаншалықты орынды екенін сұрайды.

Бұл – мұғалім көтерген жалғыз мәселе емес.

Екі қате жіберсе – 0 балл?

Екінші жарияланған бағалау парағында диктантқа барлығы 7 балл берілетіні көрсетілген.

Оның ішінде мәтінді толық жазуға – 1 балл, каллиграфиялық талаптарды сақтауға – 2 балл, орфографияға – 2 балл, пунктуацияға – 2 балл қарастырылған.

Яғни баланың қолжазбасы мен әріптерді жазу үлгісіне берілетін баллдың өзі диктанттың жалпы бағасының елеулі бөлігін құрайды.

Мұғалімнің айтуынша, екі орфографиялық қате жіберген бала сол критерий бойынша 0 балл алуы мүмкін. Пунктуациялық қателерге қатысты да осыған ұқсас жағдай туындайды.

Ұстаз мұны мысқылмен:

«Екі қате ме? Кешіріңіз, біз сізді танымаймыз», – деп сипаттаған.

Оның пікірінше, мұнда бір маңызды сұрақ туындайды: бағалау баланың меңгерген білімін көрсетуге тиіс пе, әлде жіберген қатесін жазалау құралына айнала ма?

Қазақ тілі ме, әлде каллиграфия емтиханы ма?

Мұғалімдердің назарын аударған тағы бір мәселе – каллиграфияға қойылатын талап.

Бағалау парағында оқушы әріптердің биіктігі мен мөлшерін сақтап, анық жазуға, сөздерді көлбеу, үзбей және біркелкі жазуға тиіс.

Гүлжазира Бекболатқызы осы талаптарға қарап:

«Бала қазақ тілі сабағына келді ме, әлде каллиграфия мектебінің қабылдау емтиханына түсті ме?» – деген сауал қояды.

Әрине, бастауыш сынып оқушысының сауатты әрі анық жазуы маңызды. Алайда мәселе каллиграфияның қажет немесе қажет еместігінде емес. Мұғалімнің көтеріп отырған негізгі сұрағы – оның жалпы бағалаудағы салмағы қаншалықты әділ болуы керек?

«БЖБ жоқ. Бірақ оның рухы тірі»

Ұстаздың жазбасындағы ең өткір тұжырым да осы.

Оның пікірінше, БЖБ атауы алынып тасталғанымен, бағалаудың күрделілігі жоғалмаған.

«БЖБ өлді. Бағалау өлмеді. Тек жаңа формада қайта дүниеге келді», – деп жазады ол.

Шын мәнінде мәселе «БЖБ бар ма, жоқ па?» деген атауда ғана емес.

Егер бұрынғы жиынтық бағалау жойылып, оның орнына бала үшін одан да көп әрекетті бір мезетте орындауды талап ететін тапсырма келсе, онда реформаның мақсаты қандай болды деген сұрақ туындайды.

Бастауыш сыныптағы бағалаудың басты міндеті баланың біліміндегі олқылықты анықтау, дамуын көрсету және оқуға ынталандыру болса, тапсырмалардың жас ерекшелігіне сәйкестігі де негізгі өлшемдердің бірі болуға тиіс.

Мұғалімдер айтып отырған мәселе дәл осы жерде түйіседі: бастауыш сынып оқушысынан нақты не талап етіп отырмыз?

Оның білімін тексеріп жатырмыз ба?

Жазу дағдысын бағалап жатырмыз ба?

Мәтінді талдау қабілетін сынап жатырмыз ба?

Әлде осының бәрін бір тапсырмаға сыйғызып, ересек адамның өзіне ауыр болуы мүмкін бағалау жүйесін балаға ұсынып отырмыз ба?

Жаңа бағалау жүйесі оқу жылы барысында әлі талай рет сыналатыны анық. Бірақ алғашқы тапсырмалардың өзінен кейін мұғалімдердің «БЖБ-ны алып тастау шынымен баланың жүктемесін азайтты ма?» деген сұрақ қоюы тегін емес.

Барлық жаңалықтар